Мысырдағы Ніл өзенінде 200 турист мінген кеме өртенді

Фото: Видеодан алынған кадр

АСТАНА. KAZINFORM — Мысырдағы Ніл өзенінде туристік круиз кемесі өртеніп, 200-ден астам демалушы эвакуацияланды, деп хабарлайды Daily Mail басылымы.

Басылым мәліметінше, өрт 28 қазан күні жергілікті уақыт бойынша 18:15 шамасында шыққан. От бірінші қабатты толық қамтып, каюталарды түгел күлге айналдырған. Кеме қызметкерлері төтенше сигнал беріп, жолаушыларды жоғарғы палубаға көшірген.

Лайнер Эсна қаласына жақын жердегі бейресми тұраққа дереу жеткізілген. Кемеде шамамен әртүрлі елден келген 220 турист болған. Қаза тапқандар немесе жарақат алғандар туралы ақпарат жоқ.

Өрт кезінде туристер 12 күндік Ніл өзені круизінің бірінші күнінде болған. Прокуратура тергеу бастады, алдын ала болжам бойынша өрттің себебі кеме асханасындағы қысқа тұйықталу болуы мүмкін.

Еске сала кетейік, Индонезияда мұнай танкерінде болған өрттен 10 адам қаза тапқанын жаздық.