Мысыр Министрлер кабинетінің мәліметінше, мұндай қорытындыға құзырлы органдар алдын ала жүргізілген тергеу нәтижесінде келген.
Үкімет әзірге оқиға үшін жауапкершілікті ешбір тарап өз мойнына алмағанын атап өтті. Тергеу жалғасып жатыр, ал билік ұлттық қауіпсіздік пен ел мүддесін қорғау үшін қажетті шараларды қабылдауда.
– Оқиғаға қатысты тергеу жалғасуда. Мысырдың ұлттық қауіпсіздігі мен мүддесін қорғауға бағытталған барлық қажетті шара қабылданып жатыр, – делінген үкімет хабарламасында.
Ұлыбританияның теңіз қауіпсіздігі мен кеме қатынасы тәуекелдерін бағалаумен айналысатын Ambrey компаниясының мәліметінше, дрон америкалық Energos Infrastructure компаниясына тиесілі сұйытылған табиғи газды сақтау және қайта газдандыруға арналған Energos Winter қалқымалы кемесіне соққы жасаған. Соның салдарынан шыққан өрт Gaslog Salem кемесіне де тараған.
Мысырдың Мұнай министрлігі жалынның өрт сөндірушілер мен қауіпсіздік қызметтерінің күшімен жедел оқшауланғанын хабарлады.
– Ресми мәлімет бойынша, оқиға салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ, – деп мәлімдеді министрлік.
Оқиға орнына Мысырдың Мұнай министрі Карим Бадауи барып, апат салдарын жою жұмыстарын бақылауға алды.
Бұл оқиға АҚШ пен Иран арасындағы өзара соққылардан кейін Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленіскен кезеңінде болды. Алайда Мысыр билігі шабуылды қандай да бір тараппен байланыстырмай, тергеу жалғасып жатқанын мәлімдеді.
Айта кетейік, Түркия мен Мысырдың қорғаныс саласындағы әріптестігіне Грекия алаңдай бастады.