Мысырдағы ірі жол апатынан қаза болғандар арасында қазақстандықтар бар ма

АСТАНА. KAZINFORM – Мысырдың туристік аймағында болған жол апатынан 21 адам қаза тапты. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі қаза тапқандар арасында Қазақстан азаматтары жоқ екенін хабарлады.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

2 қыркүйекте Мысырдың Оңтүстік Синай провинциясындағы Дахаб – Нувейба тасжолында жолаушылар автобусы аударылды. Қызыл теңіз жағалауындағы бұл аймақ туристер арасында танымал.

Алғашқы мәлімет бойынша, апаттан 16 адам қаза тауып, 28 адам зардап шеккен. Кейін Мысырдың Денсаулық сақтау министрлігі қаза тапқандар саны 21-ге жеткенін хабарлады.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі апатқа қатысты ақпаратты тексерді. Ведомствоның Kazinform тілшісіне берген мәліметінше, қаза тапқандар мен зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматтары жоқ.

Мысырдың Денсаулық сақтау министрі Халед Абдель-Ғаффардың тапсырмасымен өңірдегі медициналық қызметтер жоғары дайындық режиміне көшірілді. Апат орнына 20 жедел жәрдем көлігі жұмылдырылды.

Бұған дейін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жол апаты кезінде зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсету тәртібін түсіндірген еді.