Миссури штаты Фергюсон полициясының бастығы Том Джексон NBC телеарнасына берген сұхбаты барысында өткен жексенбі күні қара нәсілді жасөспірімді тапаншамен атып тастаған полицейдің кім екенін айтып берді. Джексонның мәліметінше, бозбаланы оққа байлаған Даррен Уилсон болып шықты. Оның полицияда жұмыс істеп келе жатқанына алты жыл болыпты.
Полицей 10 тамыз күні 18 жасар қара нәсілді жігіт Майкл Браунды Миссури штатының Сент-Луис қаласының шетіндегі Фергюсон елді мекенінде атып тастаған. Осы оқиғадан кейін наразы болған жұрт көшеге шығып, адам өліміне себепкер болған копты жазалауды талап етті. Мұндай шерулердің соңы полиция мен жұрттың қақтығыстарына апарып соқтырды.
Артынша бұл дүмпу Американың көптеген қалаларына тарап кетті. Бейсенбі және жұма күндері адам өліміне байланысты қарсылық акциясы Штаттардың 90 қаласын қамтыды.