Митт Ромни АҚШ президенттігіне таласпайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Республикалық партия атынан АҚШ президенттігіне үміткер болған Митт Ромни 2016 жылы мемлекет басшысының орынтағына таласпайды. Бұл туралы ол Fox News телеарнасына берген сұхбатында хабарлады.

«Келесі президенттік сайлауға қатыспаймын. Менің уақытым өтті», - деп мәлім етті ол.

ИТАР-ТАСС хабарлағандай, республикалық партиядан 2016 жылғы сайлауға экс-президент кіші Джордж Буштың інісі Флорида штатының бұрынғы губернаторы Джеб Буш, Техас губернаторы Рик Перри, сенаторлар Рэнд Пол, Марко Рубио мен Тед Круз, Арканзас штатының экс-губернаторы Майк Хакаби, конгрессмен Пол Райан және Нью-Джерси штатының губернаторы Крис Кристи қатысады.

Демократиялық партиядан үміткерлер АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы әрі бірінші ханымы болған Хиллари Клинтон мен вице-президент Джозеф Байден болуы мүмкін.

Митт Ромни 2003-2007 жылдары Массачусетс штатының губернаторы болды, содан кейін АҚШ-тағы президенттік сайлауға екі мәрте қатысты.