Атырау облыстық білім басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Қызылқоға ауданының екі мектебіндегі сабақ жазғы каникул кезінде өтеді.
«Кеше, 31 наурызда Қызылқоға ауданында су тасқынына байланысты төтенше жағдай жарияланып, Миялы ауылындағы тұрғындарды ішнара эвакуациялау басталды. Осыған байланысты аудан орталығындағы Ы.Шөреков мектеп-гимназиясы мен Х.Досмұхамедов атындағы орта мектеп ғимараты эвакуациялық пункт ретінде белгіленді. Білім ордасының бірінде 480, ал екіншісінде 948 оқушы бар. Төтенше жағдай кезінде тоқтатылған сабақты жазғы каникул кезінде жалғастырады», -деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.
Ал, ертең, 2 сәуірде Миялы орта мектебінің 326 оқушысы сабақты онлайн форматта оқиды. Тайсойған ауылындағы Ғ.Сланов атындағы орта мектептің 210 оқушысы да сабақты осындай форматта бастайды.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысындағы бір ауданда төтенше жағдай жарияланғанын хабарлаған едік.
Кейін Ойыл өзеніндегі су тасқынына байланысты Миялы ауылынан 559 тұрғын эвакуацияланды.
Сондай-ақ, Миялы ауылына тірелген судың деңгейі 1 метр 20 см құрады.
Ойыл өзенінің маңынан 7 шаруа қожалығы қауіпсіз аумаққа көшірілді.
Ал, бүгін Миялы ауылын тасқын судан қорғау жалғасып жатқанын жазған болатынбыз.