ММА бойынша Қазақстан біріншілігінде кәсіпқой клуб чемпиондары мен ұлттық құрама мүшелері жұдырықтасады

АСТАНА. ҚазАқпарат - ММА бойынша Қазақстанның «Battle of Nomads-7» WMMAA PRO ASIA DIVISION турнирінде шетелдік спортшылар болмайды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Қазақстанның ММА федерациясының президенті Анатолий Ким мәлім етті.

Айта кетейік, Қазақстан чемпионаты осымен төртінші мәрте ұйымдастырылуда. Оның басты ерекшелігі, турнир барысында әуесқой кездесулермен қатар, кәсіпқой жекпе-жектер де өтетін болады.

«Біздің «Көшпенділер айқасы» тек қазақстандық спортшылардың қатысуымен өтеді. Бұл турнирдің қатысушылар тізімі толықтай жергілікті спортшылардан құралған. Әртүрлі клубтардан шақырылды, бұл клубаралық формат, бізде мұндай бұрын ешқашан болған емес», - деп атап өтті ол.

Оның сөзіне қарағанда, осы спорт түрін дамытып келе жатқан кәсіпқой клубтар Қазақстанда жетерлік. Олар түрлі жарыстар ұйымдастырып, өз чемпиондарын алға жылжытады.

«Сол клубтардың барлық чемпиондары мен Қазақстан құрамасы мүшелерін осындай бір алаңда жолықтыратын біріншілік өткізіліп жатқаны халықтың қызығушылығын тудырады», - деді А.Ким.

Біріншіліктің ең басты кездесу Әлем және Азия чемпионы, «Көшпенділер айқасының» бірнеше дүркін жеңімпазы Шавкат Рахмонов пен Alash Pride клубының үздік спортшыларының бірі Әділ Боранбаев арасында өтпек.