«Моана» анимациялық фильмінің қазақ тілінде тұсауы кесіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы қаласындағы Kinopark 11 IMAX (Esentai Mall), Астана қаласындағы Kinopark 8 IMAX («Сарыарқа» СОСО) және Шымкент қаласындағы Cinemax Shymkent Multiplex кинотеатрларында Disney студиясының «Моана» анимациялық фильмінің қазақ тіліндегі алдын ала көрсетілімі өтеді.

«Моана» - «Болашақ» корпоративтік қоры 2016 жылы қазақ тілінде дубляждаған үшінші кинокартина және 2011 жылдан бері дыбысталған он алтыншы фильм. Моана - Дисней студиясының жаңа ханшайымы, Туи көсемінің қызы, 14 жасар қиялшыл қыз, ол жартылай құдай-кейіпөзгерткіш Мауимен бірге мұхитқа саяхатқа аттанады. Оқиғалар желісі 2000 жыл бұрын Тынық мұхитының аралдарында өрбиді. Үлкен экранға Дисней студиясының толықметражды «Моана» мультфильмінің қазақ тіліндегі трейлері шығып жатыр. Мультфильмнің Қазақстандағы тұсаукесері 2016 жылдың 1-ші желтоқсанында өтеді.

Дубляжға 35-тен артық актер қатысты. Басты кейіпкерлерді Лидия Кәден, Назерке Серікболова, Мақпал Исабекова, әнші Бүркіт, Жәнібек Мұсаев, Сырым Қашқабаев, сондай-ақ басқа актерлер мен қазақстандық эстрада әртістері дыбыстады.

Қазақ дубляжының режиссері - Рита Әбішева, жобаның музыкалық жетекшісі - Борамбаева Күнімгүл. Жобаны ұйымдастырушылар - «Marwin» компаниясының қолдауымен «Болашақ» корпоративтік қоры. Дубляждың демеушісі - «АCD Group» ЖШС.