Моббингке ұшыраған адам не істеуі керек — психолог кеңесі

АСТАНА. KAZINFORM — Жұмыс орнындағы психологиялық қысым адамның кәсіби қызметіне ғана емес, эмоционалдық жағдайына да әсер етеді. Әдейі елемеу, көпшілік алдында кемсіту, орынсыз сын айту немесе ұжымнан шеттету уақыт өте келе күйзеліске және өзіне деген сенімнің төмендеуіне әкелуі мүмкін.

Фото: Анаргүл Ибраимбекованың жеке архивінен

Психолог Анаргүл Ибраимбекова моббингке ұшыраған адам не істеуі керегін айтып берді.

— Ең алдымен, болып жатқан жағдайды дұрыс бағалау керек. Бұл бір реттік түсініспеушілік пе, әлде жүйелі түрде қайталанып жүрген моббинг пе — соны анықтап алған жөн. Егер мүмкіндік болса, қысым көрсеткен адаммен сабырлы түрде сөйлесіп, мәселені ашық талқылауға тырысқан дұрыс. Өз ойыңызды нақты жеткізуден қорықпаңыз. Көп жағдайда адамдар қорқыныштан немесе ұяттан үндемей жүреді. Бірақ үнсіздік мәселені шешпейді. Егер қысым жалғаса берсе, басшылыққа немесе HR бөліміне жүгініп, қажет болған жағдайда заңгердің не құқық қорғау органдарының көмегіне жүгінген дұрыс, — деді психолог.

Маманның айтуынша, моббинг әрдайым ашық жанжал түрінде көріне бермейді. Ол қызметкерді маңызды ақпараттан әдейі шеттету, кәсіби қабілетін негізсіз сынау, орындалмайтын тапсырмалар беру немесе ұжымнан оқшаулау арқылы да байқалуы мүмкін. Соңғы жылдары мұндай қысымның цифрлық түрі де жиілеп келеді.

— Диджитал-моббинг әлеуметтік желілерде немесе жұмыс чаттарында қорлайтын пікір жазу, жалған ақпарат тарату, адамды әдейі елемеу сияқты әрекеттер арқылы көрінеді. Егер мұндай жағдай болса, қорлайтын хабарламалардың скриншоттарын сақтап қойған жөн. Бұл қажет болған жағдайда дәлел ретінде пайдаланылуы мүмкін. Сондай-ақ қорлайтын аккаунттарды бұғаттап, әлеуметтік желі әкімшілігіне шағымдануға болады. Ал қысым жүйелі түрде жалғасса, ұйым басшылығына немесе құқық қорғау органдарына жүгінген дұрыс, — деді Анаргүл Ибраимбекова.

Психологтың сөзінше, қысымға ұшыраған адам ең алдымен өзінің психологиялық тұрақтылығын сақтауға көңіл бөлуі керек.

— Стресті басқаруды үйрену, жеткілікті ұйықтау, жақын адамдардың қолдауына сүйену және өз пікіріңізді ашық жеткізу маңызды. Моббингті жеңу үшін үнсіз қалмаған дұрыс. Дер кезінде көмек сұрап, мәселені заңды әрі мәдени жолмен шешуге ұмтылу — психологиялық денсаулықты сақтаудың маңызды қадамдарының бірі, — деп түйіндеді психолог.

Бұған дейін Kazinform агенттігі онлайн-грумингтен сақтану жолдары туралы психологтың кеңестерін жариялаған болатын