Мобильді аударым бойынша салықтан жалтарғандардың берешегі қалай өндіріледі
АСТАНА. KAZINFORM — Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов 2026 жылдың 1 қаңтарынан мобильді аударым бойынша салықтан жалтарғандардың берешегі қалай өндірілетінін түсіндірді.
- Мобильды аударым туралы бұйрыққа өзгерістер енгіздік. Өздеріңіз білесіздер, 2026 жылдың 1 қаңтарына дейінгі ережеде 2 фактор бойынша тексеру жүргізілетін еді. яғни, әртүрлі 100 адамнан 3 ай қатарынан аударым алса, біз онда мұны кәсіпкерлік ретінде қарастырған болатынбыз. Бірақ, осыны іске асырған кезде ұсыныстар көп түсті. Мәселен, аударым сомасы аз, 100, 200 теңгеден аударым болатыны, соманың мөлшерін көрсету керектігі айтылды. Сондықтан үшінші көрсеткіш енгіздік. Оның сомасы - 12 АЕК. Яғни, 1 млн-нан асып түсуі тиіс. Осы критерий сәйкес болғанда ғана аударымдарды бақылауға аламыз, - деді ол Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.
Оның түсіндіруінше, бір адамның шотына 5 млн, 10 млн теңге 2-3 адамнан түссе, онда ол бақылауға алынбайды. Немесе қаңтарда аударым алып, ақпанда аударым алмаса ондай да есепшоттар бақыланбайды. Яғни, 3 ай - қаңтар, ақпан, наурыз айларында ақша қатарынан түсуі керек.
- Біз жеке азаматтардың шоттарын бұғаттамаймыз. Хабарлама береміз. Осыдан кейін түсініктеме беріп, оны қабылдағанда шара қолданылмайды. Бірден шектеу шарасын қолданбаймыз. Тек салықтық тексеру арқылы ғана шара қолданамыз, - деді Ержан Біржанов.
Вице-министрдің айтуынша, жеке тұлға хабарламаны ескермеген жағдайда салықтық тексеру жүргізіледі.
- Банктерден деректерді алып, қай адамнан, қандай жағдайда ақша түскенін тексереміз. Егер салықтан жалтаруды байқасақ, оған салық міндеттемелерін өтеуді талап етеміз. Оны уақытылы төлеуі тиіс. Ол азамат бізбен келіспей, сот арқылы шешімді қайта қарауы мүмкін. Егер сотқа жүгінбесе, онда салықты өндіріп алу шараларын қолданамыз. Жеке сот орындаушыларына сол азамат туралы мәліметтерді береміз. Салықты сот орындаушылары арқылы өндіріп аламыз. Банктің шоттары бұғатталмайды, - деді вице-министр.
Бұған дейін 2026 жылдың қаңтарынан бастап мобильді аударымдарға қатысты жаңа талаптар енгізілетінін жазған едік.