Мобильді аударымдар: салық органдары кімдерді бақылауға алады

ASTANA. KAZINFORM — Биыл 1 қаңтардан бастап Қазақстан банктері жеке тұлғалардың мобильді аударымдары туралы мәліметті әр тоқсан сайын Мемлекеттік кірістер комитетіне (МКК) жолдай бастады. Енді ел тұрғындарына мамыр айынан бастап алғашқы хабарламалар келеді. Бұл туралы қаржы сарапшысы Максим Барышев Jibek Joly радиосына берген сұхбатында хабарлады.

Фото: Видеодан алынған кадр

Кімдерге хабарлама келуі мүмкін?

Сәуір айында салық органдары қаңтар, ақпан және наурыз айларына қатысты ақпарат алған. Осы мәліметтер негізінде кей азаматтардың операцияларынан кәсіпкерлік белгілері байқалса, оларға ескерту жіберілуі мүмкін.

Максим Барышевтің айтуынша, ең алдымен үш ай қатарынан ай сайын 100 түрлі адамнан 100-ден астам аударым қабылдаған азаматтар назарға ілігеді. Сонымен қатар, түскен қаржы көлемі үш ай ішінде 12 ең төменгі жалақыдан асса, яғни шамамен 1,1 млн теңгеден көп болса, бұл да тексерілуі ықтимал.

— Мұнда жасырын кәсіпкерлік қызметтің белгілері туралы сөз болып отыр. Мысалы, тіркелмей сауда жасау немесе қызмет көрсету секілді жағдайлар, — деді сарапшы.

Сонымен бірге ол туыстар, достар арасындағы аударымдар немесе өз шоттары арасындағы ақша аударымдары заң бұзушылыққа жатпайтынын атап өтті. Егер азаматқа хабарлама келсе, ол қаражаттың қайдан түскенін түсіндіріп бере алады.

Қандай сомалар ерекше бақылауда болады

Сарапшы жеке тұлғалар арасындағы бір реттік 5 млн теңгеден асатын аударымдар Ұлттық банк пен МКК-ның қосымша бақылауына түсуі мүмкін екенін жеткізді.

Бұдан бөлек, жылжымайтын мүлік пен көлікті нарықтағы бағадан әлдеқайда төмен сомаға рәсімдеу де салық органдарының назарын аударуы ықтимал.

— Егер пәтердің нақты бағасы 20 млн теңге болып, құжатта 1 млн теңге деп көрсетілсе, салық органдары айырмашылықты салықтан жалтару әрекеті ретінде бағалап, жеке табыс салығын есептеуі мүмкін, — деп түсіндірді ол.

Барышевтің сөзінше, салық органдары аударымдар туралы деректерді азаматтардың табысы, төлеген салығы және мүлкі жайлы ақпаратпен салыстырады. Егер адамның шығыны ресми табысынан айтарлықтай көп болса, оған қаражаттың қайдан шыққанын түсіндіру керектігі туралы хабарлама жіберілуі мүмкін.

Егер салық органдарынан хабарлама келсе не істеу керек?

Хабарлама алған азаматқа жауап беру үшін 30 жұмыс күні беріледі. Түсініктемені салық төлеушінің кабинеті, eGov немесе банк сервистері арқылы жолдауға болады.

— Егер ақшаның қайдан келгенін білсеңіз, салық органдарына оны түсіндіріп беру жеткілікті. Мысалы, сыйлық, туыстардың көмегі, өз шоттарыңыз арасындағы аударым немесе басқа да заңды операциялар екенін көрсету керек, — деді сарапшы.

Егер азамат хабарламаны елемесе немесе берілген түсініктеме салық органдарын қанағаттандырмаса, қосымша тексеріс тағайындалуы мүмкін.

Егер азаматтың тіркелмей кәсіпкерлікпен айналысқаны анықталса, 15 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салынады.

Қазақстандағы көлеңкелі қызмет нарығы

Сарапшы мемлекеттің көлеңкелі экономиканы бақылауды күшейтіп жатқанын айтты. Оның пікірінше, Қазақстанда көрсетілетін көптеген қызмет әлі де ресми есепке кірмейді.

— Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда шамамен 1,7 млн адам ресми түрде еш жерде жұмыс істемейді. Олар басқа жеке тұлғаларға қызмет көрсетіп табыс табады. Көлеңкелі экономиканың едәуір бөлігі осы секторға тиесілі, — деді ол.

Барышев ресми табысы болмаса да қымбат мүлік сатып алатын азаматтар салық органдарының ерекше бақылауына ілігуі мүмкін дейді. Мысалы, пәтер, көлік немесе басқа да бағалы мүлік алу жағдайлары назарға алынады.

Салық қарызы несие тарихына әсер етуі мүмкін

Сарапшы салық органдарының хабарламаларын елемеу мен салық берешегін өтемеу азаматтың қаржылық беделіне әсер етуі мүмкін екенін де ескертті.

— Егер адам салық органдарының хабарламаларына жауап бермесе, инкассолық өкім шығарылып, қарызды өндіріп алу процесі басталуы мүмкін. Кейін бұл азаматтың несие тарихына да кері әсер етеді, — деді Барышев.

Қазір мемлекеттік органдар ақпараттық жүйелерді біріктіруді жалғастырып жатыр. Соның арқасында азаматтардың табысы, мүлкі мен салық міндеттемелері жан-жақты бақыланбақ.

Еске сала кетейік, биыл да шағын бизнеске салықтық жеңілдік беріледі.