Мобильді аударымдар туралы алғашқы деректер сәуір айында беріледі

Коллаж: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылғы 15 сәуірге дейін, бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша мобильді аударымдар жөніндегі банктер ақпараты салық органдарына түсе бастайды.

Мемлекеттік кірістер комитетінің арнайы салық режимдерін әкімшілендіру басқармасының басшысы Ерқанат Шынбергеннің айтуынша, мониторинг бірнеше шарттың жиынтығы бойынша жүргізіледі.

— Жеке шоттарға түскен барлық түсімдерді банктер бақылайды. Үш ай қатарынан 100 және одан да көп әртүрлі тұлғадан аударым түссе және осы үш айдағы жалпы түсім сомасы 1 миллион теңгеден асса, банктер салық органдарына хабар береді, — деді Ерқанат Шынберген елордада өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен бірге, оның айтуынша, егер шот тек жеке мақсаттарда пайдаланылса, мұны дәлелдеуге болады.

— Біз бірден шара қолданбаймыз: алдымен талдау жүргіземіз, жеке кәсіпкер ретінде тіркелуінің бар-жоғын, салықтардың толық төленуін қараймыз. Сондай-ақ камералық бақылау нәтижелері бойынша хабарламалар арқылы шара қабылдаймыз. Яғни осы хабарлама аясында салық төлеуші түсініктеме беріп, шоттардың кәсіпкерлік қызметке емес, жеке қажеттіліктерге пайдаланылғанын растауға құқылы, — деп атап өтті МКК өкілі.

Егер аударымдардың кәсіпкерлік қызмет аясында алынғаны расталса, салық төлеушіге қосымша салық есебін тапсыру қажет болады. Ал жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген жағдайда, оны заңда белгіленген тәртіппен рәсімдеуі тиіс.

Оған қоса Мемлекеттік кірістер комитеті белгіленген талаптарға сай келудің өзі банк шоттарын бірден бұғаттауға себеп болмайтынын айтып отыр. Шот бойынша шығыс операциялары тек салық органдары жіберген хабарлама орындалмаған жағдайда ғана және Салық кодексінде көрсетілген тәртіппен шектелуі мүмкін.

Еске сала кетейік, жеке тұлғаларды тексеру үш алғышарт тоғысқан жағдайда жүргізілуі мүмкін:

— 100 және одан да көп әртүрлі тұлғадан аударымдардың түсуі;

— үш ай қатарынан мұндай түсімдердің тұрақты болуы;

— аударымдардың жалпы сомасының ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшерінен, яғни 1 020 000 теңгеден асуы.

Бұған дейін Ерқанат Шынберген арнаулы салық режимін қолданғысы келген кәсіпкерлер 1 наурызға дейін салық режимі туралы хабарлама жіберуі керегін айтқан еді.