Бұған дейін қатарынан үш ай бойы әр айда кемінде 100 түрлі адамнан ақша түскен банк шоттары салық органдарының назарын аударуы мүмкін еді. Ол үшін осы үш айда түскен ақшаның жалпы сомасы ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшерінен асуы керек болатын.
Енді бұл шек 360 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін көтерілді. Яғни 2026 жылы үш айда түскен ақшаның жалпы сомасы 1 557 000 теңгеден асса, салық органдары мұндай аударымдарға назар аударуы мүмкін. Ал ақша жіберушілердің саны мен үш айлық мерзімге қатысты талап өзгерген жоқ.
Шекті сома әр жылдың 1 қаңтарында белгіленген АЕК мөлшеріне қарай есептеледі.
Сонымен қатар Қаржы министрлігі интернет арқылы тауар сататын кәсіпкерлер туралы мәліметтерді беру тәртібін нақтылады. Банктер бұл ақпаратты Smart Data Finance (SDF) цифрлық жүйесі арқылы жолдайды.
Жүйеде техникалық ақау болса, мәліметтерді ілеспе хатпен бірге CD-дискіде тапсыруға болады. Мұндай жағдайда ақпаратты беру мерзімі бес жұмыс күніне ұзартылады. Бірақ ақау болғанын Мемлекеттік кірістер комитетінің сол күні жариялаған баспасөз хабарламасы растауға тиіс.
Жеке тұлғалардың банк шоттарына түскен ақшаның жалпы сомасы туралы мәліметтерді беру кезінде де осы тәртіп қолданылады.
Еске салайық, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан банктері жеке тұлғалардың мобильді аударымдары туралы мәліметтерді Мемлекеттік кірістер комитетіне тоқсан сайын жолдай бастады.
Ал мамыр айында азаматтарға салық органдарынан хабарламалар келе бастады. Бұл ретте хабарлама алғаны үшін салық төлеушілерге бірден айыппұл салынбайды. Қазақстандықтар анықталған сәйкессіздіктердің себебін түсіндіріп, тиісті мәліметтерді алдағы декларацияларында көрсете алады.