Мобильдік аударымдарды тексеру: қазақстандықтарға айыппұл салынды ма

АСТАНА.KAZINFORM — Мобильдік аударымдарды тексеру нәтижесінде әзірге жеке тұлғаларға да, жеке кәсіпкерлерге де айыппұл салынбаған. Бұл жөнінде Мәжіліс кулуарында Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді.

Коллаж: Kazinform

Оның сөзінше, алғашқы тоқсандағы мобильдік аударымдар бойынша деректер сәуір айында түскен. Олар өңделген соң, азаматтарға мамырдан бастап салық жөнінде хабарландырулар жіберіле бастаған.

Вице-министрдің түсіндіруінше, хабарламаны әртүрлі санаттағы азаматтар — кәсіпкер ретінде тіркелмеген жеке тұлғалар және әртүрлі салық режиміндегі кәсіпкерлер — алып жатыр.

— Жеңілдетілген салық режимінде жұмыс істейтін кәсіпкерлер бар. Олар алғашқы жарты жылда есебін өткізуі керек. Сомадағы айырмашылықты декларацияда толықтыра алады. Не болмаса, жалпы бекітілген режимде қызмет ететін жеке кәсіпкерлер бар. Олар декларацияны жыл соңына дейін тапсырады. Демек, аталған соманы құжатқа енгізе алады, — деді ол.

Сонымен бірге, Ержан Біржанов министрлік азаматтарға кірістерін көрсету керектігін ескертетінін айтты.

— Әзірге ешқандай жеке тұлғаға не жеке кәсіпкерге айыппұл салынған жоқ. Біз оларға мүмкіндік бердік. Алдағы декларацияларында түзете алады, — деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін биылғы қаңтардан бастап мобильді аударым жасағанда нені ескеру керек екенін жазғанбыз