Мол әрі сапалы астық - агроөнеркәсіп жетістігі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен жылғы көрсеткіштерге қарағанда, биыл егін ору қарқынды. Ел диқандары 17,3 миллион тонна астық бастыруды көздеп отыр.

Барлық ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптары 21,2 млн. гектарды құраса, қойнауы кең қоймалар өткен жылдан қалған дәнді сақтаумен қатар, жаңа өнімді де толық қабылдауға әзір. Тек табиғат жайдары қабақ танытып тұрғанда алтын астықты шашаусыз жинап алу керек.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректері бойынша, биыл шамамен 6,3 млн гектар дәнді дақылдар жиналды. Бұл өткен жылғы деңгейден 25,9 мың гектарға артық. Қазіргі сәтте 6,9 млн. тоннадан астам астық бастырылды. Астық түсімділігі гектарына 10,9 центнерден келіп, бұл өткен жылдың деңгейінен 0,2 центнерге артық болғандығын көрсетіп отыр. Оңтүстік аймақтарда жүгері мен күрішті санамағанда, жалпы дәнді дақылдардың ору науқаны аяқталды. Жазғы дақылдардың өсірілуі кезеңінде ауа райының құрғақшылығы салдарынан ең төменгі түсімділік Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында байқалуда. Былтырғы жылдың көрсеткіштерімен салыстырар болсақ, жемдік жарма бұршақ дақылдары 316 мың гектарға, көкөніс, бақша дақылдары мен картоп 12,5 мың гектарға, мал азықтары дақылдары 400 мың гектарға, қант қызылшасы 7,4 мың гектарға артқан. Бұл Ауыл шаруашылығы министрлігімен жүргізілетін егіс алқаптарын әртараптандыру саясатының оң нәтиже бере бастағандығының көрінісі. Министрліктің мәліметінше, кейбір өңірлерде егін ору науқаны баяу жүріп жатқанымен, жалпы республикамыз бойынша астық бастыру науқаны жоспарға сай жүруде. Оңтүстік өңірлер егіс жинау науқанын аяқтауға таяу. Ол аймақтарда қазір күріш пен жүгері жинау жұмыстары ғана қалды. Қазіргі кезде диқандар астық жинау үшін жеңілдікті жанар-жағармай материалдарымен толық қамтылды.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Сапархан Омаровтың айтуынша, жыл басында ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне көктемгі және күзгі жинау жұмыстарын жүргізу үшін орташа бағасы литріне 81 теңге тұратын 421 мың тонна жеңілдікті жанар-жағармай материалдары берілді. Бұл нарықтық бағадан 18%-ға төмен. Ал өткен жылы ЖЖМ литріне 108 теңге бағасымен бөлінген болатын. Ағымдағы жылдың 11 қыркүйегіндегі жағдай бойынша АШТӨ үшін 276,5 мың тонна арзандатылған дизель отыны жөнелтілді. Жалпы, көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын ұйымдастыру барысына «ҚазАгро» ұлттық холдингі 68,0 млрд. теңге бағыттаған болатын. Сондай-ақ егін жинау үшін техниканың әзірлігі 98-99 пайыз дәрежесінде болып отыр. Биылғы науқанға 14 мыңнан астам жоғары өнімді астық жинау комбайндары шықпақ. Қазіргі сәтте астық жинайтын комбайндар, орақтар мен астық кептіргіштер, механикаландырылған қырмандар жұмысқа толықтай дайын. АШМ ұсынған мәліметтер бой­ын­ша, бүгінде республикада 26 млн. тонна астық сақтайтын мүм­кіндік бар. 204 нан қабылдайтын лицензия­ланған кәсіпорындар 13,7 млн. тонна астықты сақтауға қауқарлы. Сондай-ақ ауылшаруашылық тауар өнді­руші­лерінде 12,6 млн. тонна астық сақтайтын қойма бар. Сөз орайында айта кетерлігі, астықтың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында «ҚазАгроҚаржы» АҚ еуропалық озық технологиялар бойынша тұрғызылған астық қоймаларын іске қосуда. Бүгінгі таңда компания бүкіл Қазақстан бойынша 358 мың тоннадан аса астық сақтауға жағдай жасаған. Олар өнімді тек сақтап қана қоймай, оның сапалық сипаттамасын да арттыратын болады. Ал экспорт мәселесіне келер болсақ, былтыр экспортталған астық көлемі 7,3 млн. тоннаны құраған еді. Биылғы көрсеткіш те осы шамалас болады деп жобалануда. Қазақстан астығының экспортқа шығатын тараптары - Орта Азия елдері, Иран, Пәкістан мемлекеттері. Сонымен бірге Қазақстан Қытайға шығарылатын өнім көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр.