Мол өнім алған қостанайлық диқандар марапатталды

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов ауыл шаруашылығы саласында озық жетістікке жеткен шаруаларды марапаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Егін жинау жұмыстары аяқталғаннан кейін ауылшаруашылық және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің мерекесі атап өтіледі. Бұл шара биыл да жалғасын тапты. Жыл қорытындысында Қостанай облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов баяндама жасады.
 

«Қостанай облысы биыл 342 млрд теңгенің ауылшаруашылық өнімдерін өндірген. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 7%-ға артық. Осы жылы қостанайлық диқандар мол өнім алды. Еліміз бойынша барлығы 21 млн тонна астық жиналса, соның 5,2 млн тоннасы Тобыл өңірі шаруаларының үлесіне тиді. Астық шығымы жөнінен Федоров, Қостанай, Меңдіқара, Ұзынкөл аудандары көш бастады. Жекелеген шаруашылықтар арасында «Запасное» жеке шаруашылығы әр гектардан 28 центнерден, «Өтемісов.К», «Сатаев.Б» шаруа қожалықтары 27 центнерден астық жинап алды», - деді Ғауез Нұрмұхамбетов. 

Өңірге белгілі шаруа Қаратай Өтемісовтің айтуынша, биыл сапалы астық алу үшін ауа райы да қолайлы болды. Кәсіпкер шынайы еңбекті бағалаған басшыларға алғысын білдірді.
 

Жалпы Қостанай облысында 52 мың тонна картоп және 25 мың тонна көкөніс жиналған. Майлы дақыл өнімдері - 270 мың тонна. Осы майлы дақыл өнімдеріне шетелдік инвесторлар да қызығушылық білдіруде. Соның бірі - «Евразия ФУД» акционерлік қоғамы. Олар осы мақсатта алдағы жылы 39 млрд теңге қаражат құймақшы.

«2009 жылдан бері облыста қайта өңдеу саласы бойынша ауқымды 44 инвестжоба қолға алынған. Оған 21 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды. Барлығы 1035 жұмыс орны ашылды», - деді облыс әкімінің орынбасары.
 

2017 жылдың қаңтар айынан бастап 125 егін оратын техника сатып алынған. Жалпы, соңғы бес жыл ішінде барлығы 65 млрд теңгеге 5 мыңнан астам техника әкелінген.

Салтанатты жиын барысында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов  бір топ ауылшаруашылық мамандарына «Еңбек ардагері» медалін тапсырды. Олардың арасында Валентин Сивиридов, Қонысбай Жүндібаев, Виктор Симоненко бар. Ал ұзақ жыл ауы лшаруашылығы саласына сүбелі үлес қосқан Қалыбек Назарбеков, Тоқтарбай Қадамбаев, Николай Поспелов, Иван Кулик, Жомарт Жүргімбаев тәрізді азаматтар «Құрметті ардагер» төсбелгісімен марапатталды. Ал тәжірибелі шаруалар Сембай Сағындықов, Юрий Чеховский, Бақытжан Тілеубаев, Сергей Блок «ҚР ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісін тағынды.
 

 

 

Мерекелік жиын соңы облыс өнер шеберлерінің концертімен жалғасты.