ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, Қазақстандағы бұқаралық спортты дәріптеу үшін отандық жұлдыздар жаттығу алаңдарында өз күштерін көрсетіп, халықты спортпен шұғылдануға шақырған.
Олар турникте тартылып бой түзеп, көше алаңдарында орналасқан түрлі жаттығу құрылғыларында машықтарын көрсетті.
«Мен баламды босанған соң, фитнеспен белсенді түрде жаттыға бастадым. Себебі өзімді ауыр сезіндім, артық салмақты байқадым. Жастар, көшедегі спорт алаңдарына барыңыздар! Қазіргі таңда кез келген тұрғын үй кешенінің алдында орналасқан турниктер мен түрлі жаттығу алаңдары денені әдемі қалыпқа келтіріп, өзімізді сергек сезінуге көмектеседі », - дейді Мөлдір Әуелбекова.
Қазақстандық эстрада әншілері бұқаралық спортты насихаттап, аталмыш жобаны Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбекке жолдады.
«Біз жолдаманы Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбекке, «Қазақ радиолары» ЖШС-нің директоры Мәди Манатбекке және сахнада бірге жүрген әріптестеріміз Талғат Жорабаев пен Ермек Мұқашевке жолдаймыз», - деді Мөлдір Әуелбекова мен Райым Уайыс.
Еске сала кетсек, «Street Workout KZ» акциясын ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бастап берген болатын. Арыстанбек Мұхамедиұлы жобаны өзі бастап, «Street Workout KZ» байқауын - Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевке, танымал әнші Қайрат Нұртасқа, танымал қазақстандық актер Әділ Ахметовқа жолдаған еді.
Ал бұдан кейін боксшы Бақтияр Артаев пен таэквондошы Арман Чилманов ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының Street workout KZ бойынша бастамасына қосылды.
Акцияны кейін Атырау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Бекет Бейжің Олимпиада ойындарының таэквандодан қола жүлдегері Арман Чилмановтан эстафетаны қабылдап, Сочи Олимпиада ойындарының қола жүлдегері мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен және бокстан әлем чемпионы Галиб Джафаровпен бірге бейне-үндеу түсірген. Роликте спортшылар барлық қазақстандықтарды street workout-пен айналысуға шақырды.
Айта кетерлігі, бұған дейін аталған акцияға Қанат Ислам да атсалысқан. Спортшылармен бірге эстрада жұлдыздары да, шетелдегі қазақ студенттері де белсенді түрде қатысуда.