Молдова Минскіде 2009 жылғы өзінің ТМД-ға төрағалығының бағдарламасын таныстырады

None
МИНСК. Қаңтардың 30-ы. ҚазАқпарат - Молдова бүгін Минскіде 2009 жылғы өзінің Тәуелсіз мемлекеттер достастығына төрағалығының бағдарламасын таныстырады. Молдованың Сыртқы істер және еуропалық ықпалдастық министрлігінен хабарлағанындай,
елдің ТМД төрағалығындағы басымдықты бағыттарын Сыртқы істер министрлігінің Айрықша тапсырмалар жөніндегі елшісі Ефим Килар таныстырады. Дипломат Достастықтағы Молдованың төрағалығын қамтамасыз ету туралы жұмыстарды үйлестіру жөніндегі жұмыс тобының басшылығына тағайындалған болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат РБК агенттігіне сілтеме жасап. Биыл Достастық тарихында тұңғыш рет Мемлекет басшылары кеңесіне, Үкімет басшылары кеңесіне, Сыртқы істер министрлері кеңесіне, Экономикалық кеңеске, Тұрақты өкілдер кеңесіне және Экономикалық мәселелер жөніндегі комиссияға төрағалық міндеттерін жыл бойына бір ғана мемлекет атқаратынын, 2009 жылы бұл міндет Молдова Республикасына жүктеліп отырғанын ҚазАқпарат бұдан бұрын хабарлаған болатын. Бұл жаңа шарт 2008 жылы қазанның 10-ында Бішкек саммитінде қабылданған Достастықтағы төрағалық туралы ережемен қарастырылып отыр. Құжат Достастықты нығайтуға және дамытуға, ұйым қызметінің тиімділігін арттыруға, Достастық міндеттерін жүзеге асырудың сабақтастығын қамтамасыз етуге қолдау болады. Ережеге сәйкес, төрағалық етуші тарап жалпы Достастықтың және оның органдарының жұмысын ұйымдастырып, Мемлекет басшылары кеңесінің қарауына өзі төрағалық етіп отырған кезеңдегі Достастық жұмысының басымдықтарын ұсынады және оларды орындау жөніндегі іс-қимылдарды үйлестіреді, шешімдердің орындалу барысына мониторинг жүргізеді, қажет болған жағдайда, Достастық қызметінің өзекті мәселелері бойынша қатысушы-мемлекеттермен кеңес беру шараларын өткізеді.