Молдова оппозициясы Майя Сандуды қызметінен шеттетпек

АСТАНА. KAZINFORM — Молдовадағы оппозициялық депутаттар президент Майя Сандуды қызметінен шеттету бастамасын көтерді. Құжаттың жобасы парламентке енгізілген, деп хабарлайды Kazinform БелТА -ға сілтеме жасап.

Фото: facebook.com/maia.sandu

Бастаманы депутат Ион Чику ұсынды. Құжатқа 101 депутаттың 46-сы қол қойды.
Оппозиция Майя Сандуды елдің Конституциясы мен заңдарын, соның ішінде саяси бейтараптық қағидатын бұзды, азаматтардың кейбір құқықтары мен еркіндіктеріне қол сұқты деп айыптайды. Қазіргі уақытта бұл айыптауларды оппозициялық фракциялардың өздері ғана айтып жатыр.

Бес оппозициялық фракцияның өкілдері заң жобасының тіркелгенін жариялады, олардың айтуынша, құжатта қазіргі үкіметке қарсы шамамен 50 бет шағым бар. Құжат енді парламентте қаралуы керек.

Молдова заңына сәйкес, депутаттардың кем дегенде үштен бірі қолдаса, президентке қатысты импичмент рәсімі басталуы мүмкін. Мақұлдау үшін депутаттардың үштен екісінің дауысы қажет, содан кейін президенттің отставкаға кетуі туралы референдум өткізіледі. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Молдовада премьер-министр ауысқан.