Молдова энергия тапшылығына байланысты электр жарығын кезең-кезеңімен өшірмек

АСТАНА. KAZINFORM — Молдова билігі энергия ресурстарының тапшылығына байланысты электр энергиясын кезең-кезеңімен өшіру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл туралы ел премьер-министрі Василе Тофан мәлімдеді, деп хабарлады Белта.

Фото: freepik.com

Премьер-министрдің айтуынша, билік қымбат электр энергиясын биржадан сатып алудың орнына электр қуатын жоспарлы түрде өшіру нұсқасын талқылап жатыр. Ол электр энергиясының қысқа уақытқа өшірілуі тұрғындарды энергияны үнемдеп тұтынуға ынталандыруы мүмкін екенін атап өтті.

Бұған дейін үкімет басшысы елдің энергетика саласындағы ахуалдың күрделі екенін айтқан. Электр энергиясының тапшылығын биржадан сатып алу арқылы өтеуге тура келіп отыр. Ал ондағы электр энергиясының бағасы әдеттегі деңгейден екі-үш есе жоғары.

Тамыз айының басында Молдова билігі Днестр өзеніндегі су деңгейінің төмендеуіне және энергетикалық нарықтардағы бағаның өсуіне байланысты суды пайдалануға шектеу қойып, электр энергиясын тұтынуды азайту шараларын да енгізген.

Еске салайық, бұған дейін Мажарстан 44 жылда алғаш рет елдегі жалғыз атом электр станциясы — «Пакш» АЭС-інің жұмысын тоқтататынын хабарлаған едік. Бұған Дунай өзеніндегі су деңгейінің рекордтық төмендеуі себеп болды.