11:31, 08 Сәуір 2009
Молдовадағы наразылық шарасының нәтижелері: ел парламенті мен президент әкімшілігінің ғимараттары тас-талқан болды
КИШИНЭУ. Сәуірдің 8-і. ҚазАқпарат - Молдовада полицияның арнаулы жасағы ел парламенті мен президент әкімшілігінің ғимараттарындағы бақылауды қалпына келтірді. Наразылық білдірушілер үйлеріне тарқағаннан кейін, арнаулы жасақ ғимараттарды бақылауға алып отыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат РБК агенттігіне сілтеме жасап. Дерек көздердің хабарлауынша, парламент пен президент әкімшілігінің ғимараттары тоналған, астаң-кестең болған. Наразылық шарасына қатысушылар ғимараттардың барлық дерлік терезелерін, есіктерін сындырған, барлық жиһаздар мен техникаларды қиратқан немесе өздерімен бірге алып кеткен. Ғимараттарды ойрандаған бүлікшілер қолдарына іліккен құнды заттардың барлығын алып кеткен. Сынған жиһаздар мен ұйымдастыру техникалары депутаттардың кабинеттерінен алынған қағаздармен бірге көшедегі алауларға тасталған. Парламенттің пленарлық мәжіліс залында барлық жиһаз тас-талқаны шыққан. Президентік сарай ғимаратындағы жағдай да осындай. Наразылық акциялары Кишинэуде сәуірдің 6-сы күні кешке басталған болатын. Оппозициялық үш партияның ? Молдованың Либералдық-демократиялық партиясы, Либералдық партия және «Біздің Молдова» альянсы - жақтаушылары сәуірдің 5-інде өткен парламенттік сайлаудың нәтижесін билік бұрламап отыр деп мәлімдеме жасап, қайтадан сайлау өткізуді талап етуде. Бірақ та аталмыш партиялардың жетекшілері кеше кешке өткізген баспасөз мәслихатында, орын алған бұқаралық тәртіпсіздіктерге өздерінің қатысы жоқ екенін айтып, оларды «сыртқы қара ниетті күштер» әдейі ұйымдастырып отыр деп мәлім етті. Олар өз жақтаушыларын арандап қалмауға және бұзақылық әрекеттерден алыс болуға шақырып, тек бейбіт наразылық шараларын өткізуге үндеді. Молдованың Орталық сайлау комиссиясы жария еткен мәліметтер бойынша, сайлауда 49,95 пайыз дауыс жинаған Молдованың Коммунистер партиясы жеңіп отыр. Осылайша, жаңа парламентте коммунистер барлық 101 орынның 61 мандатына ие болып, жаңа президентті сайлау және үкіметті жасақтау мүмкіндігін алды.