Молдовалық депутаттар парламент сайлауын қыркүйекке белгілеуі мүмкін

Фото: Фото: radiomoldova.md

АСТАНА. KAZINFORM — 17 сәуірде молдовалық депутаттар 28 қыркүйекте парламент сайлауын өткізу туралы шешімді қабылдауы мүмкін, деп хабарлайды ТАСС.

Бұл туралы жоғарғы заң шығарушы органның вице-спикері Влад Батрынча мәлім етті.

— Бейсенбі күні депутаттар кезекті парламент сайлауының мерзімін 28 қыркүйекке белгілейді деп күтіліп отыр, — деді ол.

Оның сөзінше, заң комиссиясында талқыланғаннан кейін бұл мәселе күн тәртібіне енгізілген.

Молдова – парламенттік республика, мұнда нақты билік парламенттік көпшілік тағайындайтын үкіметтің қолында. Парламент сайлауы әр төрт жыл сайын өтеді, соңғысы 2021 жылдың 11 шілдесінде болды. Парламентте президент Майя Сандуны қолдайтын «Әрекет және ынтымақтастық партиясы» көп орын алды.

2022 жылы елде Санду мен «Әрекет және ынтымақтастық партиясы» құрған үкіметтің отставкасын талап еткен жаппай наразылық акциялары басталды. Наразылыққа қатысушылар билікті бағаның күрт өсуі мен кедейліктің артуына кінәлады. Жауап ретінде Санду оппозицияны мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды деп айыптады. Елде оппозицияға сөз берген ондаған БАҚ жабылды, ал ірі партиялардың лидерлеріне қарсы қылмыстық істер қозғалды.

Сарапшылардың айтуынша, Молдовадағы билік партиясы соңғы айларда сайлаушылардың қолдауынан қағылып келеді. Наурызда Маркетинг және әлеуметтік зерттеулер институты жүргізген сауалнамаға сәйкес, «Әрекет және ынтымақтастық партиясы» алдағы сайлауда парламенттегі бақылауды жоғалтады.