«Мөлдір бұлақ» экоакциясы: Елдегі жағалаулардан 300 тоннаға жуық қоқыс жиналды

Фото: ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі ұйымдастырған «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы аясында еліміздегі жағалаулардан 300 тоннаға жуық қоқыс жиналды. Бұл туралы ведомствоның ресми сайтында жарияланды.

Су ресурстары және ирригация министрлігі мен оған қарасты ұйымдардың мамандары «Мөлдір бұлақ» атты кең көлемді экологиялық бастаманы қолға алды. Бұл іс-шара «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында жүзеге асып отыр.

Мақсаты — бұлақтар, өзендер мен су қоймаларының жағасын тазалап, абаттандыру, сондай-ақ тұрғындар арасында су ресурстарына ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру.

Фото: ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі

Еліміз бойынша жағалау аумақтарын тазалау жұмыстарына 4000-нан астам адам қатысты. 

Ауқымды сенбіліктің қорытындысы бойынша еліміздегі жағалау аумақтарынан 300 тоннаға жуық қоқыс жиналды.

— «Таза Қазақстан» акциясы аясында министрлік ұйымдастырған республикалық сенбілік еліміздің су нысандарын ластанудан қорғауға ғана бағытталмаған. Сонымен қатар бұл шара қоғамда табиғи су ресурстарына ұқыпты қарау мәдениетін дамытуға арналған. Мұндай ауқымдағы жағалауды тазалау жұмысы елімізде алғаш рет өткізіліп отыр. Алдағы уақытта мұндай сенбіліктерді тұрақты түрде өткізу жоспарланып отыр, — деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Бұған дейін «Таза Қазақстан» акциясы аясында Су ресурстары және ирригация министрлігі Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен мектептерде су үнемдеу тақырыбында ашық сабақтар өткізген болатын. Оған шамамен 2 млн оқушы қатысты.

Айта кетейік, Қызылордада Дүниежүзілік тазалық күніне орай денсаулық және демалыс саябағында сенбілік өтті.