Моңғол халқы Ұлттық мерекесін толық апта бойы тойлайды

Фото: Монцамэ

АСТАНА. KAZINFORM — Моңғолияда биыл Ұлттық мереке «Наадам» 10–17 шілде аралығында атап өтіледі, деп хабарлайды Монцамэ.

4 маусым күні өткен Үкімет отырысында Моңғолияның Ұлттық мерекесі — «Наадамды» атап өтуге байланысты шешім қабылданды.

2025 жылы ресми мереке болып саналатын 12 және 13 шілде күндері сенбі және жексенбіге сәйкес келгендіктен, олар сәрсенбі мен бейсенбіге — 16 және 17 шілдеге ауыстырылды. Осылайша, Наадамға арналған демалыс күндері 10 шілдеде басталып, сегіз күнге созылады.

Бұл шешім азаматтардың ұсыныстары мен өтініштеріне сай қабылданды. Оның мақсаты — мерекені кең көлемде атап өтуге мүмкіндік беру, ішкі туризмді қолдау және жұмыс пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті сақтау.

Айта кетейік, Наадам — Моңғолиядағы ең ірі әрі маңызды ұлттық мереке. Оның атауы «ойын-сауық» немесе «ойындар» деген мағына береді. Бұл мереке ежелден бері моңғол халқының тәуелсіздігі мен бірлігінің символы ретінде тойланып келеді.

Бұған дейін Моңғолияда алғаш рет «Алтын қайшы — 2025» атты қой қырқу бойынша халықаралық байқау және «Сүт фестивалі — 2025» фестивалі өтетіні белгілі болды.