Моңғолия даласында керқұлан саны 160-қа жетті

АСТАНА. KAZINFORM — Моңғолияда жойылып бара жатқан жабайы жылқылардың саны артты, деп хабарлайды Монцамэ.

Фото: Монцамэ

Моңғолиядағы Хомын тал табиғи кешенінің дирекциясы Францияның Моңғолиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Коринн Перейра да Силваның сапары туралы хабарлады.

Дипломат керқұландарды (Пржевальский жылқыларын) табиғи ортаға қайта жерсіндіру бағдарламасының нәтижелерімен танысты.

2004–2005 жылдары Францияның тахи жылқыларын қорғау жөніндегі TAKH қауымдастығының бастамасымен Хом даласына Франциядан 22 керқұланды жеткізілген.

Қазір бұл аумақтағы керқұлан саны шамамен 160 басқа жетті. Бұл — Моңғолия мен Францияның табиғатты қорғау және биоалуантүрлілікті сақтау бағытындағы ынтымақтастығының нәтижесі.

Қазіргі уақытта керқұландарды табиғи ортаға қайта жерсіндіру бағдарламалары Хустайн-Нуруу ұлттық саябағында және Үлкен Гоби қатаң қорғалатын аумағында да жүзеге асырылып жатыр.

Хом даласы Гоби өңірінің биоалуантүрлілігін сақтауда маңызды рөл атқарады. 2025 жылы бұл аумақ ЮНЕСКО-ның биосфералық резерваттарының дүниежүзілік желісіне енгізілді.

Ұйымның мәліметінше, резерваттың жалпы аумағы 618 379 гектарды құрайды.

Бұдан бұрын Қазақстан даласында дүниеге келген алғашқы керқұлан (Пржевальский жылқысы) құлындары енді Ботай және Тұмар деп аталатынын жазған едік.