Моңғолия көне астанасы Қарақорымды қалпына келтірмек
Жарлықтың мақсаты – азаматтардың қауіпсіз өмір сүру жағдайын жақсарту, негізгі әлеуметтік қызметтерге қолжетімділікті кеңейту, өңірлердің теңгерімді дамуын қамтамасыз ету, мемлекет мұрасын нығайту және оның тарихы мен мәдениетін қалпына келтіру.
Сондай-ақ, Моңғолия Президенті жарлықта азаматтарды, кәсіпорындар мен ұйымдарды ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұра тізіміне енгізілген Моңғол империясының көне астанасы Қарақорымды қалпына келтіру ісінде көшбасшылық рөл атқаруға шақырды.
«800 жыл бұрын Шыңғыс хан Орхон өзені аңғарында Моңғол империясының астанасы Қарақорым қаласын құру туралы жарлық шығарды. Ежелгі астана Қарақорым – Моңғол империясының сол кезде әлемнің саяси және экономикалық орталығы болғанын айғақтайтын тарихи-мәдени мұра. Қарақорым қаласы әлемдік өркениеттерді байланыстыратын көпір және Еуразияның сауда орталығы болды. Қарақорымдағы археологиялық зерттеулер Моңғол империясында қалалық қоныстардың, ұйымдастырылған әкімшілік бірліктердің болғанын, мәдениет пен білімнің дамығанын дәлелдейді.
Моңғол империясының орталығын қорғау, Ұлы Шыңғыс хан мен оның мұрагерлерінің ерліктерін зерттеп, сақтау, сонымен қатар оны елімізде ғана емес, әлемге таныту – біздің асыл парызымыз. Сондықтан, Қарақорым қаласын қалпына келтіру – орасан зор жасампаз іс және ол көп уақытты, қаржыны, қажырлы еңбек пен табандылықты қажет ететіні анық», - деді Мемлекет басшысы У. Хурелсух қол қою рәсімінен кейін.
Фото: montsame.mn