Моңғолия көшелерінің бірі Өскемен немесе Шығыс Қазақстан аталуы мүмкін
Тараптар білім, туризм және бизнес саласындағы өзара тиімді ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Бұдан өзге, Моңғолия делегациясы тарапынан Баян-Өлгей және Өскемен қаласын бауырлас-қалалар ету ұсынысы жасалды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
ШҚО әкімі баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, хаттамалық кездесу барысында Баян-Өлгей аймағының басшысы Даниал Ахметовке өз өңірлерінің туристік әлеуеті және оның негізгі ерекшелігі - бүркітшілердің дәстүрлі халықаралық фестивалі жайында айтып берді.
Ғылымхан Айыпұлының айтуынша, фестивальдің жарқын да есте қаларлық көрінісі Шығыс Қазақстан тұрғындарының да қызығушылығын тудыруы мүмкін.
Сондай-ақ кездесу барысында Баян-Өлгей көшелерінің бірін Өскемен немесе Шығыс Қазақстан деп атау ұсынысы жасалды.
«Сіздің бауырлас-қалалар жөніндегі ұсынысыңызды қолдаймын. Өскемен қаласының әкіміне барлық қажетті процедураларды даярлау үшін тапсырма беремін», - деді Даниал Ахметов.
Кездесу нәтижесінде Шығыс Қазақстан мен Моңғолияның Баян-Өлгей аймағы арасында өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды.