Моңғолия Олимпиада ойындарының ең алып символын орнатып, Гиннес кітабына енбек

МОҢҒОЛИЯ. ҚазАқпарат - Моңғолия Олимпиада ойындарын бейнелейтін бес сақинаның ең алып нұсқасын орнатып, Гиннес рекордтар кітабына енуді жоспарлауда, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның  меншікті тілшісі.

Моңғолия астанасы Уланбатыр қаласында елдің Нысана көздеу федерациясы басқармаларының атсалысуымен «360 Қайрат қасиет - Тағат тұрағы» атты  садақ ату алаңы ашылды. Классикалық садақ атудан аталмыш алаң мемлекеттің қаржыландыруынсыз, жеке азаматтардың демеушілігімен салынды. Жобаның құрылысына 222 млн Моңғолия төгрөгі (31 млн 800 мың теңгеге жуық)  жиналған. Сондай-ақ алаңда жабық сарай болады, оны толық аяқтауға 400 млн төгрөг (57 млн 143 мың теңге) көлемінде қаржы қажет.

Халықаралық стандарт бойынша Нысана көздеу алаңын салу үшін тек көгалдандырудың өзіне 930 мыңға жуық АҚШ доллары, Моңғол ақшасымен 2 млрдқа жуық төгрөг жұмсалады. Жоба жетекшілерінің айтуынша, қосалқы нысандарға бұдан да көп шығын шығады.  

Сондай-ақ нысанның аумағында Олимпиада ойындарын бейнелейтін бес сақинаның алып нұсқасы орнатылуда. Оны Гиннес кітабына енгізу жоспарлануда.

«Ұлттық парк ауласында Швейцария стандартымен салынып жатқан «360 Қайрат қасиет - Тағат тұрағы» алаңындағы ерекше жасампаздық істердің бірі - әлемдік бірліктің символы саналатын Олимпиада ойындарының бес сақинасының ең алып нұсқасын орнату. Оны Геннис рекордтар кітабына енгізу жоспарда бар», - дейді жоба жетекшісі, Моңғолия Нысана көздеу федерациясының басқарма мүшесі Сүхбаатарын Эрдэнэболд.

Қазіргі уақыттағы рекорд 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарында ағылшындар орнатқан сақиналарға тиесілі. Олардың ені - 25 метр, биіктігі - 11,5 метр. Аталмыш символды ағылшындар 2016 жылы Олимпиаданы өткізген Рио-де-Жанейро қаласына сыйға тартқан еді. Қазір ол Рио-де-Жанейродағы Madurese Gardens саябағының көркін келтіруде. Әлемдегі ең ірі осы олимпиадалық сақинаны жасауға 317 817 фунт жұмсалған.

Моңғолияның Ұлттық саябағында салынып жатқан  олимпиадалық сақиналарға келсек, оның ені 27 метр, биіктігі 14 метр болады. Бұл керемет жоба спортшылардың ынтасын арттыруға, нысана көздеу спортымен шұғылданушы жастар мен жеткіншектерге жігер беруге және туристерді тартуға бағытталған.

Айта кетейік, Моңғолиядан Нысана көздеуден алғашқы әлем чемпионы 1970 жылы шыққан. Бұл спорт түрінің дамығанына 58 жыл болса да, нысана көздеу алаңының жоқтығы, аталмыш спорт түрінің дамуына, онымен айналысушыларға кедергі келтіруде.

Жасампаздық істі жүзеге асыру үшін әлемнің 10 елінде тұратын Моңғолия азаматтары мен жергілікті халық өз үлестерін қосуда.