Моңғолия өз азаматтарын Корея Республикасынан эвакуациялады

ҰЛАН-БАТЫР. МОНЦАМЭ-ҚазАқпарат – Моңғолия 850-ге жуық азаматын қауіпсіз жерге шығару үшін ақпан айында төрт чартерлік рейсті ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы ҚазАқпарат МОНЦАМЭ агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Мемлекеттік Төтенше комиссияның (МТК) кестесіне сәйкес, ішінде Моңғолияның 166 азаматы отырған Сеул-Ұлан-Батыр бағдары бойынша чартерлік рейс кеше, 3 ақпан күні жергілікті уақытпен сағат 20:07-де Буянт Ухаа халықаралық әуежайына қонды.

Ұшу кезінде Буянт-Ухаа шекара қызметінің мемлекеттік инспекторлары жолаушылардың денсаулық жағдайын бақылап, қажетті нұсқаулықтарын берген. Әуе кемесі Моңғолия астанасына қонған кезде, коронавирус инфекциясының ел аумағына таралуының алдын алу және болдырмау бойынша барлық қажетті шаралар қабылданды.

Қазіргі кезде елге келген әуе жолаушылары міндетті 21 күндік оқшаулауға алынды.

МТК мәліметінше, айдың соңына дейін келесі рейстер жоспарланған:

10 ақпан - Токио –Ұлан-Батыр

24 ақпан - Ыстанбұл – Ұлан-Батыр

26 ақпан - Сеул- Ұлан-Батыр