Моңғолия Президенті ШЫҰ саммитіне қатысу үшін Астанаға ұшып келді
АСТАНА. KAZINFORM – Ухнаагийна Хурэлсуханы елордалық әуежайда Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары Ғалымжан Қойшыбаев қарсы алды.
Моңғолия Президенті 3-4 шілдеде Астанада өтетін ШЫҰ саммитіне қатысады.
Моңғолия – 2004 жылы Шанхай ынтымақтастық ұйымында бақылаушы мәртебесін алған алғашқы мемлекет. Сол кезде бірлестік географиялық тұрғыда кеңейе түсті, бұл ШЫҰ-ның халықаралық беделінің артуына дәлел болды.
Қазақстан-Моңғол ынтымақтастығы аясында дәстүрлі достық саяси қатынастардан басқа, сауда-экономика саласындағы өзара іс-қимыл екіжақты ынтымақтастықтың берік негізі екенін атап өткен жөн. 2023 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы $133 млн құрады, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 27,7%-ға өсім көрсетті.
Еске сала кетейік, бұған дейін Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антонио Гуттериш Қазақстанға келді. Сондай-ақ Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин ШЫҰ саммитіне қатысу үшін Астанаға келген болатын.