Моңғолия төрт мемлекетпен дипломатиялық қатынас орнатты
АСТАНА. KAZINFORM — Моңғолия Парламентіне БҰҰ-ға мүше төрт мемлекетпен дипломатиялық қатынас орнату туралы қаулы жобасы енгізілді, деп хабарлайды Монцамэ.
2025 жылғы 27 маусымда Моңғолияның Сыртқы істер министрі Батмунхийн Батцэцэг Моңғолияның Ұлы мемлекеттік Хуралының төрағасы Дашзэгвийн Амарбаясгаланға төрт мемлекетпен дипломатиялық қатынас орнату туралы қаулы жобасын ұсынды.
Бұл бастама 2013 жылы Моңғолияның Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің шешіміне сәйкес барлық БҰҰ-ға мүше мемлекеттермен дипломатиялық қатынас орнату мақсатында жүргізілген жұмыстың нәтижесі саналады. Нәтижесінде Эсватини Корольдігі, Барбадос Республикасы, Тринидад және Тобаго Республикасы және Ботсвана Республикасымен дипломатиялық қатынас орнату туралы бірлескен коммюникеге қол қойылды.
— Тиісті тараптармен жүргізілген жұмыс нәтижесінде бұл төрт мемлекетпен дипломатиялық қатынас ресми түрде орнатылды. Осылайша, БҰҰ-ның 192 мүше мемлекетінің барлығымен дипломатиялық қатынас орнату мақсаты толығымен орындалды, — деп атап өтті министр Батцэцэг.
Сондай-ақ, Сыртқы істер министрі Батцэцэг Моңғолияның барлық БҰҰ мүшелерімен дипломатиялық байланыс орнатқан санаулы елдердің бірі екенін айтып, бұл жетістік елдің белсенді дипломатиялық қызметін, бейбітсүйгіш, ашық, тәуелсіз және көпвекторлы сыртқы саясатын көрсететінін ерекше атап өтті.
Осыған дейін хабарланғандай, Қазақстан мен Моңғолия арасындағы жол қашықтығы 800 шақырымға дейін қысқарады.