Моңғолия ЮНЕСКО қолдауымен ұлттық атласын цифрландырды

Фото: Монцамэ

АСТАНА. KAZINFORM — Моңғолия Ғылым академиясының География және геоэкология институты ЮНЕСКО-ның қатысу бағдарламасының қолдауымен «Моңғолияның Ұлттық электронды атласы» жобасын жүзеге асырып, оны кең жұртшылыққа қолжетімді етті, деп жазады Монцамэ.

Моңғолияның Ұлттық атласы — елдің өмірі, тарихы, мәдениеті мен географиясы туралы жан-жақты ғылыми және танымдық ақпаратты қамтитын маңызды басылым. Онда аумақ, әкімшілік бөлініс, табиғи жағдайлар, ресурстар, халық, тарих, мәдениет, қоғам және экономика туралы мәліметтер жинақталған.

Электронды атлас бес негізгі бөлімге топтастырылған 132 тақырыптық кескінді қамтиды және ол моңғол және ағылшын тілдерінде дайындалған. Әрбір кескіннің авторлары мен оны дәйектеу үлгісі көрсетілген. Сонымен қатар атласта 1990, 2009 және 2022 жылдары жарық көрген «Моңғолияның Ұлттық атласынан» алынған қысқаша мазмұндар және оларды әзірлеуге қатысқан редакциялық алқа мүшелері туралы ақпарат бар.

Бұл басылымдар қолданушының орналасқан жеріне, жасына, жынысына, ұлтына немесе экономикалық жағдайына қарамастан, барлығына ашық. Жоба — бірегей ғылыми ақпаратты қолжетімді етіп, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал ететін маңызды бастама.

Аталған жобаны жүзеге асыру — ЮНЕСКО-ның ашық ғылым жөніндегі ұсынымдарын орындауға қосылған елеулі үлес. Бұл ұсынымдар әртүрлі тілдерде ғылыми білімді еркін тарату мен ақпарат алмасуды дамытуға бағытталған.

Атластың таныстырылымына Моңғолиядағы ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссияның Бас хатшысы С. Болдсайхан, Парламент депутаты және академик Д. Рэгдэл, Экономика және даму министрлігінің ғылым, технология және инновация саясатын үйлестіру басқармасының басшысы Д. Баттогтох, Моңғолия Ұлттық университетінің оқытушысы, PhD докторы Сайнбуян, Гидрометеорология, экологиялық зерттеулер және ақпарат институтының ғылыми хатшысы, PhD докторы П. Гомболудэв, сондай-ақ География және геоэкология институтының аға ғылыми қызметкері, PhD доктор Ж. Оюунгэрэл қатысты.

Айта кету керек, әлемнің көптеген елінде ұлттық атластар елдің елтаңбасы, туы және әнұранымен қатар мемлекеттік мақтаныштың символы болып саналады. Қазіргі уақытта 70-тен астам елдің ұлттық атластары бар, олардың шамамен 20-сы электрондық форматта ұсынылған.

Бұдан бұрын Моңғолияда 2050 жылға қарай әр бесінші адам зейнет жасына жететіні айтылды.