Моңғолияда 12 елдің цирк әртістері бас қосады

Фото: Монцамэ

АСТАНА. KAZINFORM — Моңғолияда цирк шоуына қатысу үшін әртүрлі елдердің әртістері жиналады, деп хабарлайды Монцамэ.

Моңғол көрермендеріне алғаш рет 2012 жылы ұсынылған «Әлем циркі Моңғолияда» халықаралық цирк қойылымы 2026 жылы жаңа бағдарламамен көрерменге жол тартпақ.

18 сәуірде «АСА» аренасында басталатын шоуға Моңғолия, Израиль, Украина, Қазақстан, Ресей, Қытай, Португалия, Чехия, Италия, Колумбия және Мексикадан келген шамамен 280 әртіс қатысады.

Биылғы ерекшелік – цирк қойылымы алғаш рет Дархан-Уул аймағында да өтеді.

Қойылымның бас продюсері Н. Эрдэненің айтуынша, бағдарлама толық дайын.

— Қатысушылар мен жануарлар елге жеткізілген. Мәселен, жолбарыстар Ресей мен Қазақстандағы гастрольдерін аяқтап, Моңғолияға дейін 4000 шақырым жол жүріп келген. Бір жолбарыс күніне шамамен 5 келі ет жейтіндіктен, олар үшін 3,3 тонна сиыр еті дайындалған. Көрермендер жыл сайын жаңа дүниені күтеді. Біз сол үмітті ақтауға тырысамыз. Ең бастысы – халықаралық цирк байқауларында жүлде алған үздік нөмірлерді жинадық, — деді ол.

Осыған дейін хабарланғандай, Қазақстанның цирк әртістері халықаралық фестивальдің жеңімпазы атанды.