Қазір жаз айының қызған шағы. Бірақ бүгінде Моңғолиядағы ауа райын болжап айту қиынға соғып отыр. Мәселен, өткен апта бойы Гоби-алтай аймағының Чандман сомонында тоқтаусыз жаңбыр жауған болатын. Ал демалыс күні сомонда қар жауып, боран соқты.
Сомон Моңғолияның оңтүстік-батысында, көрші Баянхонгор аймағымен шекарада орналасқан. Аумағы 4 629 шаршы шақырым. Ауа райы күрт құбылмалы. Қаңтар айындағы орташа температура -18-20 градус, шілдеді 20 градус.
Сомонның орталығы - Тал-шанд кенті. Ол ел астанасы - Ұланбатырдан 970 шақырым қашықтықта орналасқан.
Еске салайық, 18 шілде күні Баян-Өлгей аймағында апта бойы жауған нөсер салдарынан су басқан үйлердің саны 530-ға жетті. Баян-Өлгей қазақтар көп қоныстанған аймақ болып табылады.
Монцамэ агенттігінің мәліметінше, 530 үйде тұратын 2512 адам балабақшалар мен мектептердің ғимараттарына орналастырылды. Көптеген отбасылардың үйлері тұруға жарамсыз болып қалды.