Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қазақстанның көші-қон заңнамасы: жетілдіру жолдары» тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің төрағасы Қабылсаят Әбішев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Осыдан біраз бұрын депутат Амангелді Момышев гуманитарлық апатқа ұшыраған Моңғолиядағы қазақтарға жәрдем беру, оларды түгелдей Отанына көшіріп әкелу туралы Үкімет басшысының атына сауал жолдаған болатын. Бүгінгі жиында бұл мәселеге қатысты әңгіме тағы да көтеріліп, депутаттар ондағы қазақтардың жағдайына алаңдаушылық білдірген болатын.
«Депутаттардың Моңғолия қазақтарының жағдайына қатысты көтерген мәселесі бойынша Үкіметтен тапсырма келіп түсті. Алдағы уақытта бұл іспен айналысатын арнайы комиссия құрылып, олар Моңғолиядағы қазақтар жағдайын өз көздерімен барып көреді», деді Қ. Әбішев.
Оның айтуынша, осы қыста Моңғолияда орын алған төтенше жұттан елдің 5 млн.-ға тарта малы қырылса, бұның ішінде қазақтардың қорасында қырылған мал басы 450 мыңға жуық екен.
Сонымен бірге, Комитет төрағасы Моңғолия елінен Қазақстанға көшіп келуге ниет білдіргендер саны да соншалықты көп емес екендігін алға тартты. Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанға келуге ниет білдіріп, ұсыныс берген отбасы саны мыңға жуық қана.
«Былтыр Моңғолиядан 670-ке тарта отбасы Қазақстанға көшіп келді. Жалпы, бұл елге қатысты айтар болсақ, ондағы қазақтардың басым бөлігі Моңғолияны да отаны ретінде санайды, ол жақты да туған жері ретінде қимайды. Кейбіреулері көшіп келу, орналасу қиындықтарынан қашқақтайды. Малдарын сол елге келіп, Қазақстандағы нарық бойынша бағалап сатып алса деген уәждер айтылды. Жалпы, қолда бар мәліметтерге сүйенсек, Моңғолиядағы қазақтардың иелігіндегі малдарды адам басына шағып есептесек, олардың әрқайсысына 16 бас малдан келеді екен», деді Қ. Әбішев.