Бұл нысандарда Түркі академиясы мен Моңғолия ғылым академиясының Археология институты бірнеше жылдан бері ауқымды археологиялық зерттеулер жүргізіп келеді.
Салтанатты шараға Түркі академиясының басшылығы, Моңғолияның ғылыми мекемелерінің өкілдері, археологтар мен бірлескен жобаны жүзеге асырып жүрген зерттеушілер қатысты.
Қорғаныс инфрақұрылымының ашылуы Номгон аңғарындағы бірегей археологиялық мұраны сақтау жұмыстарының кезекті кезеңі болды. Мұнда 2019 жылдан бері жүргізілген зерттеулер Екінші Түрік қағанаты тарихына қатысты жаңа деректерді анықтауға мүмкіндік берді.
2022 жылы Номгон-2 ескерткішінен көне түркі және соғды жазулары қашалған тас стеланың жоғарғы бөлігі табылды. Жазуларды оқу барысында Құтлық қаған туралы мәтіннің үзінділері алғаш рет анықталып, ескерткіштің қағанға арналған мемориалдық кешен екені ғылыми тұрғыдан дәлелденді.
Кейінгі зерттеулер кезінде стеланың көне түркі және қытай тілдеріндегі жазулар сақталған төменгі бөлігі де табылды. Түркі академиясы, Моңғолия ғылым академиясының Археология институты және Ішкі Моңғолия университеті ғалымдарының бірлескен жұмысы нәтижесінде қытай тіліндегі мәтіннен «Құтлық» атағы мен «түрік» этнонимі анықталды. Бұл кешеннің Елтеріс Құтлық қаған дәуіріне жататынын тағы бір мәрте растады.
Жаңа қорғаныс қоршаулары ерте орта ғасырлардағы түркі халықтарының тарихын зерттеуде айрықша маңызға ие ескерткіштердің сақталуын қамтамасыз етіп, археологиялық зерттеулер мен халықаралық ғылыми ынтымақтастықты жалғастыруға мүмкіндік береді.