Моңғолияның Ұлттық музейі ұлттық киім мен әшекейлердің тарихи дамуы, эволюциясы және трансформациясына арналған «Дәстүрлі моңғол киімі мен әшекейлері» атты арнайы көрмені ашты.
Көрмеде Ұлттық музей қорынан алынған 100-ден астам экспонат ұсынылған. Олардың қатарында әшекей бұйымдар, киім үлгілері мен түрлі артефактілер бар. Экспозиция ғылыми-зерттеу мәтін, шолу, суреттер және фотоматериалдармен толықтырылған.
Экспонаттардың арасында неолит дәуіріне жататын моншақтар, тас дәуірінде жасалған түйеқұс жұмыртқасының қабығынан жасалған алқалар, сондай-ақ қабанның азу тістерінен жасалған әшекейлер бар. Ерекше назар аударуға тұрарлық жәдігерлердің қатарында Моңғол империясы кезеңіндегі хатундардың бас киімі саналатын «алтан цог» алтын әшекейлері, сондай-ақ XIX ғасыр мен XX ғасырдың басындағы ақсүйектердің киім үлгілері ұсынылған. Бұл құнды экспонаттар моңғол халқының бай мәдени мұрасы мен тарихын айқын көрсетеді.
— Көрмеде ғұндар, түріктер, ұйғырлар және ортағасырлық кезеңге тән өрнектермен безендірілген түрлі киімдер мен әшекей бұйымдар ұсынылған. Көрменің мақсаты — көшпелі халықтың дәстүрлі киімі мен әшекейлері тек тұрмыстық қажеттілік үшін ғана емес, сонымен қатар салт-дәстүрді, дүниетанымды, діни нанымдарды және символиканы бейнелегенін көрсету. Бұл көрме келушілерге ата-бабаларымыздың көне заманда қандай киім кигенін, осы дәстүрдің ұрпақтан ұрпаққа қалай жалғасқанын көруге мүмкіндік береді әрі мыңжылдық моңғол мәдениеті туралы терең түсінік қалыптастырады, — деді Моңғолия Ұлттық музейінің Ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Ч.Баяндэлгэр.
Көрме 2026 жылғы 2 ақпанға дейін жалғасады.
Айта кетелік Моңғолия жем-шөп пен ұнға баж салығын уақытша тоқтатты.