Моңғолияда FIFA қолдауымен жаңа стадион салынбақ

АСТАНА. KAZINFORM — Моңғолияда халықаралық жарыстар өтетін жаңа стадион салынады, деп хабарлайды Монцамэ.

Фото: Монцамэ

Моңғолия Үкіметі мен Халықаралық футбол федерациясы (FIFA) елде халықаралық стандарттарға сай футбол стадионын салу бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Меморандумға Моңғолияның Мәдениет, спорт, туризм және жастар мәселелері министрі Жуковын Алдаржавхлан, FIFA-ның мүше қауымдастықтармен жұмыс жөніндегі бас директоры Элхан Мамедов және Моңғолия футбол федерациясының президенті Ц.Анандбазар қол қойды. Құжатқа қол қою рәсіміне Моңғолияның Премьер-министрі Н.Учрал мен FIFA президенті Джанни Инфантино қатысты.

— Меморандум аясында FIFA стадионды жобалау және салу жұмыстарына техникалық кеңес беріп, кәсіби қолдау көрсетеді. Ал Моңғолия Үкіметі жобаны қолданыстағы заңнамаға сәйкес қолдауға міндеттенеді, — делінген хабарламада.

Ынтымақтастық Моңғолияда футболды дамытуға, балалар мен жастарды қолдауға, сондай-ақ болашақта ел аумағында халықаралық жарыстар мен турнирлер өткізуге мүмкіндік жасауға бағытталған.

Осыдан бұрын Қазақстан мен Моңғолия сауда айналымын бес есе ұлғайтуды көздеп отырғанын жазған болатынбыз.