Моңғолияда «кемелек» ауруынан 8 мыңға жуық ешкі қырылды — шетелдегі қазақ баспасөзі

Kazinform ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Фото: Janadauir.com

Өзбекстанның Бірінші ханымы жаһандық денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін беделді марапатқа ие болды — ӨзА

«Балалардың әл-ауқатына инвестиция: келешек ұрпақ үшін тұрақты әрі әділетті даму жолында» атты халықаралық саммит пен Балалар онкологиясы және гематологиясы жөніндегі II халықаралық конгресс аясында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус Өзбекстанның Бірінші ханымы Зироат Мирзиёеваға беделді халықаралық марапат табыстады. Бұл туралы осы аптада «ӨзА» ақпарат агенттігі хабарлады.

Фото: ӨзА

Өзбекстандық басылымның мәліметінше, ол балалар онкологиясын дамытудағы көшбасшылығы және әрбір баланың салауатты өмір сүру құқығын қорғауға қосқан үлесі үшін марапатталды.

2019 жылы тағайындалған бұл марапат халық денсаулығын қорғау саласында елеулі нәтижелерге қол жеткізген тұлғаларға беріледі. Бұған дейін оған мемлекет және халықаралық ұйым басшылары, Нобель сыйлығының лауреаттары, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері жаһандық вакцинацияны дамыту, жұқпалы аурулармен күресу және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға қосқан үлесі үшін ие болған.

Сондай-ақ осы аптада «ӨзА» басылымында Өзбекстан Президенті Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының төрағасын қабылдағаны туралы хабарланды.

Фото: ӨзА

Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев 22 қазанда Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаевты қабылдады. Кездесуде Өзбекстанның ЕАЭО-мен ынтымақтастығын кеңейту, өзара сауда мен инвестиция көлемін арттыру, логистикалық байланыстарды нығайту және көлік рәсімдерін цифрландыру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ сауда кедергілерін азайту, кооперациялық жобаларды дамыту және жаңа Ынтымақтастық жоспарын қабылдау мәселелеріне назар аударылды. Жыл соңына дейін бірлескен жұмыс тобының кезекті отырысын өткізу жөнінде келісімге қол жеткізілді.

Айта кетейік, «ӨзА»-да Өзбекстан халқының саны 39,5 миллионнан асқаны туралы ақпарат жарияланды. 

Хабарламада айтылуынша, Өзбекстан Ұлттық статистика комитетінің мәліметінше, 2026 жылғы 1 қазанда елдің тұрақты халқы 39 миллион 535 мың 225 адамға жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 692,2 мың адамға немесе 1,8 пайызға көп. Өңірлер арасында халық саны бойынша Самарқанд облысы (4,46 млн адам) көш бастап тұр. Одан кейін Ферғана (4,29 млн) және Ташкент облыстары (3,8 млн) орналасқан. Ал халқы ең аз өңірлер қатарында Сырдария (965,4 мың), Науаи (1,2 млн) және Жызақ облыстары (1,55 млн) бар. Осылайша, елде халық санының тұрақты өсу үрдісі жалғасып келеді.

Фото: ӨзА

Үрімжі әуе компаниясы мерзімі өткен тағам таратқаны үшін кешірім сұрады — Жэньминь жибао

20 қазанда Үрімжі әуе компаниясы (Urumqi Air) рейс кешіккен кезде жолаушыларға жарамдылық мерзімі өтіп кеткен тез дайындалатын кеспе таратылуына байланысты ресми кешірім сұрады, деп жазды Жэньминь жибао басылымы.

Қытайлық БАҚ-тың мәліметінше, 2026 жылғы 1 тамызда ауа райына байланысты «Сяньпэн» әуе компаниясының Үрімжі — Тяньфу бағытындағы 8L9664 рейсі ұзақ уақытқа кешіккен. Үрімжі әуе компаниясы осы рейске Үрімжі Тяньшань халықаралық әуежайында жерүсті қызметін көрсеткен кезде жолаушыларға жарамдылық мерзімі өткен тағам ұсынған. Әуе компаниясының хабарлауынша, оқиғадан кейін тексеру жүргізіліп, жауапты қызметкерлерге тәртіптік шара қолданылған.

Компания тексеру нәтижесінде анықталған кемшіліктерді жою шаралары толық орындалғанын хабарлады.

Сондай-ақ қытайлық БАҚ-тың мәліметінше, жарамдылық мерзімі өткен кеспені алғаш анықтап, қызметкерлерге хабарлаған жолаушыға 2 мың юань көлемінде сыйақы берілген. Бұдан былай компания жолаушылардың мерзімі өткен тағам туралы хабарламаларын қабылдап, расталған әрбір жағдай үшін 2 мың юаньға дейін сыйақы беретін тұрақты бақылау жүйесін енгізуді жоспарлап отыр.

Шыңжаңдағы тұңғыш заманауи жылқы ауруханасы пайдалануға берілді — Harajorga

Шыңжаңдағы Моңғолкүре жылқы шаруашылығы фермасының жылқы ауруханасында цифрлық басқару және бақылау жүйесі толық іске қосылды, деп хабарлайды Harajorga басылымы.

Фото: Harajorga

Қытайлық БАҚ-тың дерегінше, өңірдегі жылқыларға арналған алғашқы заманауи мамандандырылған аурухана 2025 жылғы шілдеде салынып біткен. Бір жылдан астам уақыт бойы жабдықтарды сынақтан өткізу, мамандар даярлау және техникалық дайындық жұмыстарын жүргізу нәтижесінде мекеме бастапқы ветеринариялық қызмет көрсетуден бастап емдеу, өсіру және цифрлық басқару мен бақылауды біріктіретін кешенді қызмет көрсету деңгейіне көтерілді. Бұл Іле қазақ автономиялы облысындағы жылқы шаруашылығының сапасын арттырып, өнімділігін жақсартуға ғылыми-техникалық қолдау көрсетеді.

Моңғолкүре жылқы ауруханасында операциялық бөлме, наркоздан ояту бөлмесі, стационарлық ат қора, клиникалық зертхана және мұздатылған ұрық өндіру орталығы бар. Мұнда рентген, ультрадыбыстық зерттеу, компьютерлік томография (КТ), зертханалық диагностика және хирургиялық емдеу секілді мамандандырылған ветеринариялық қызметтер көрсетіледі.

Қазақстан Ганьсу өлкесінің ең ірі сауда серіктесіне айналды — Халық газеті

2026 жылдың алғашқы тоғыз айында Қазақстан Қытайдың Ганьсу өлкесінің ең ірі сауда серіктесі атанды. Екі тарап арасындағы импорт пен экспорттың жалпы көлемі 12,26 миллиард юаньға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,6 пайызға өсті. Соңғы жылдары Ганьсу өлкесі Орталық Азия елдерімен сауда-экономикалық байланыстарын нығайтып, өңірлік ынтымақтастықты кеңейтіп келеді, деп хабарлайды қытайлық Халық газеті. 

Фото: Халық газеті

Аталған БАҚ-тың мәліметінше, Ганьсу өлкесі Орталық Азия елдерінен мыс концентраты мен зығыр тұқымдарын импорттаса, Қазақстан және басқа да өңір нарықтарына мақта-мата өнімдері мен жолаушылар көлігін экспорттайды. Сонымен қатар өлкенің ауыл шаруашылығы өнімдері де сыртқы нарықтарға жеткізіліп жатыр. Қазіргі уақытта алма, картоп, қызанақ, киви және мандарин секілді азық-түлік өнімдерінің ондаған түрі жүк пойыздары арқылы Қазақстан мен Өзбекстанға тікелей жөнелтіледі.

Сондай-ақ осы аптада Халық газетінде «Биылғы тоғыз айда Қорғас порты арқылы 405 мың көлік экспортталды» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді.

Келтірілген деректерге сүйенсек, Қытайдың Қорғас кедені статистикасына сәйкес, 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында Шыңжаңдағы Қорғас порты арқылы 405 мың көлік экспортталды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 36,8 пайызға көп. Оның ішінде 158 мыңын электр көліктері құрап, олардың экспорты бір жылда 31,5 пайызға өсті. Электр көліктерінің үлесі жалпы экспорт көлемінің шамамен 40 пайызына жетті.

Фото: Халық газеті

Қазіргі уақытта Қорғас порты арқылы шығарылатын Қытайда өндірілген көліктер негізінен Қазақстан мен Өзбекстан сияқты Орталық Азия елдеріне жөнелтіледі. Сонымен қатар автокөліктер «Бір белдеу, бір жол» бастамасына қатысатын Батыс Азия мен Шығыс Еуропаның оннан астам елі мен аймағына жеткізіліп жатыр. Бұл Қорғас портының халықаралық сауда мен көлік-логистика байланыстарындағы маңызын арттырып отыр.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да парсы тілі курсы ашылды — ParsToday

Parstoday ақпарат агенттігінің хабарлауынша, 21 қазанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультетінде парсы тілі курсының ашылу салтанаты өтті, деп жазды ParsToday ақпарат агенттігі. 

Ирандық БАҚ-тың дерегінше, оқу курсы Алматы қаласындағы Иран Ислам Республикасының Бас консулдығының тікелей қолдауымен ұйымдастырылды. Іс-шараға Иран Бас консулдығының мәдени істер жөніндегі атташесі Мохаммад Масуд Садеғи, шығыстану факультетінің деканы Мырзахан Эгамбердиев, халықаралық қатынастар факультетінің деканы Жұлдыз Сайрамбаева, сондай-ақ оқытушылар, докторанттар мен курс қатысушылары қатысты.

Фото: ParsToday

Шара барысында Мырзахан Эгамбердиев ирантану бағытын дамытудың маңыздылығын атап өтті. Ал Мохаммад Масуд Садеғи Қазақстан мен Иран халықтарының ортақ рухани және мәдени құндылықтарына тоқталып, парсы тілін үйрену дәстүрін жаңғырту қажеттігін айтты. Курстың негізгі мақсаты — ҚазҰУ оқытушылары мен докторанттарына парсы тілінен бастапқы білім беріп, тілдік дағдыларын дамытуға мүмкіндік жасау.

Моңғолияда «кемелек» ауруынан 8 мыңға жуық ешкі қырылды — Janadauir.com

Моңғолияда «кемелек» ауруының салдарынан шамамен 8 мың ешкі шығынға ұшырады. Осыған байланысты 8 қазанда аймақтық төтенше комиссия отырысы өтіп, басқа аймақтардан ешкі тасымалдауға шектеу қою туралы әкімнің А/774-өкімі қабылданды, деп жазады моңғолиялық Janadauir басылымы. 

Фото: Азертадж

Аталған БАҚ-тың дерегінше, бұған дейін жойылды деп есептелген кемелек ауруына қарсы вакцинаны «Эм» комбинаты өндірмейтін болғандықтан, қазір вакцинаны қайта әзірлеу және елдің 21 аймағындағы ешкілерге егу жұмыстарын ұйымдастыру мәселесі қолға алынуда.

Мамандар мал басын есепке алу мен вакцинациялау деректерінің арасында айтарлықтай айырмашылық бар екенін атап өтті. 2025 жылғы санақ бойынша Алтай сұмынында 60 521 ешкі тіркеліп, оның 41 074-іне, Тұлба сұмынында 71 529 ешкі тіркеліп, оның 47 272-сіне вакцина егілген. Ал Цэнгэл сұмынында шамамен 150 мың ешкі есепке алынып, 109 мыңы вакцинацияланған. Мамандар бұл айырмашылықтар мал басын есепке алудағы сәйкессіздіктерге байланысты болуы мүмкін екенін айтып, аурудың алдын алу шараларын тиімді жүргізу үшін биылғы санақты нақты әрі дұрыс жүргізудің маңыздылығын ескертті.

Шай жүрек саулығына пайдалы болуы мүмкін — TRT

«Journal of Internal Medicine» журналында жарияланған зерттеуде Қытайда тұратын 30–79 жас аралығындағы 485 мыңнан астам адамның деректері талданған. Тоғыз жылға жуық бақылау нәтижесінде аптасына кемінде үш күн шай ішетін адамдарда жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупі шайды сирек тұтынатындарға қарағанда шамамен 11 пайызға төмен екені анықталды, деп жазады Түркия Радио Телевизия порталы.

Фото: pixabay

Аталған БАҚ-тың келтірген мәліметтеріне сүйенсек, зерттеушілер қара шай мен орташа қоюлықта демделген шайдың пайдасы айқынырақ байқалғанын атап өтті. Алайда бұл нәтижелер шайдың ауру қаупін тікелей төмендететінін толық дәлелдемейді.

«TRT»-ның дерегінше, мамандар шайды өте ыстық күйінде ішпеуге кеңес береді, өйткені мұндай температура қан тамырлары ауруларының жоғары қаупімен байланысты болуы мүмкін. Зерттеу барысында күніне 6–8 стақан шай ішетін адамдарда ауру қаупінің төмендігі байқалғанымен, бұл мөлшерді барлығына ортақ күнделікті норма ретінде қабылдауға болмайды. Сарапшылар шайға қантты мүмкіндігінше аз қосуды, кофеин мөлшерін бақылауды және жүрек саулығын сақтау үшін дұрыс тамақтануды, тұрақты дене белсенділігін ұстануды әрі темекіден бас тартуды ұсынады.

Сондай-ақ осы аптада «TRT»-да «Өңделген тағамдар ми денсаулығына кері әсер етуі мүмкін» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді. 

Түркиялық басылымның дерегінше, «JAMA Network Open» журналында жарияланған зерттеуде Канададағы 35–69 жас аралығындағы 9 мыңға жуық адамның тамақтану әдеттері, миының магниттік-резонанстық томография нәтижелері және когнитивтік қабілеттері зерттелді. Нәтижесінде өңделген тағамдарды көп тұтынатын топтағы әрбір тоғыз адамның бірінен ми қан тамырларының зақымдану белгілері анықталған. Ал мұндай тағамдарды аз тұтынатын топта бұл көрсеткіш әр 12 адамның біріне тең болды. Мамандар мидың ақ затындағы өзгерістер мен қан айналымының бұзылуынан болатын зақымдар егде жаста инсульт, когнитивтік қабілеттің төмендеуі және деменция қаупімен байланысты болуы мүмкін екенін атап өтті.

Фото: TRT

Зерттеу барысында жас, темекі шегу, дене белсенділігі, қан қысымы және қант диабеті сияқты факторлар ескерілгенімен, өңделген тағамдарды тұтыну мен мидағы өзгерістер арасындағы байланыс сақталған. Дегенмен зерттеу бақылау деректеріне негізделгендіктен, өңделген тағамдардың миға тікелей зиян келтіретінін нақты дәлелдемейді. Ғалымдар тағамның өңделу деңгейі мен оның тағамдық құндылығының әсерін ажырату үшін қосымша зерттеулер қажет екенін ескертеді.

Бұған дейін елорда әуежайында шетелдік қонақтарға Қазақстанның туы мен шоколад таратылғанын жазғанбыз.