Моңғолияда қолжетімді баспана үшін арнайы банк құрылмақ

Фото: Монцамэ

АСТАНА. KAZINFORM — Моңғолияда арнайы тұрғын үй банкінің жобасын әзірлеу үшін жұмыс тобы құрылды, деп хабарлайды Монцамэ.

Бүгін Министрлер кабинетінің кезекті отырысында арнайы тұрғын үй банкін құру мәселесін зерделеу және тиісті ұсыныстар дайындау мақсатында жұмыс тобы құрылды.

Бұл бастама туралы Үкімет баспасөз қызметінің жетекшісі Н.Баасандамба мәлімдеді. 

— Премьер-министр тағайындалғаннан кейін Парламент мінберінен халықтың өмір сүру сапасын арттыру және қолжетімді баспанаға қолжетімділікті кеңейту мақсатында арнайы тұрғын үй банкін құру ниеті жарияланған болатын. Бүгін осы бастаманы жүзеге асыру мақсатында жұмыс тобы құрылып, оған арнайы тұрғын үй банкін құру жобасын әзірлеп, 13 тамызға дейін Министрлер кабинетіне ұсыну тапсырылды. Жұмыс тобының жетекшісі болып Экономика және даму министрі Ням-Осорын Учрал тағайындалды. Бұл — тұрғын үй банкін құру бойынша Премьер-министр стратегиясын жүзеге асырудағы алғашқы қадам, — деді Баасандамба.

Сондай-ақ топ құрамына Үкімет істерін басқарушы Сандагийн Баямбацогт, Қаржы министрі Болдын Жавхлан, Қоршаған орта және климаттың өзгеруі жөніндегі министр Батын Батбаатар, сонымен қатар Отбасы, еңбек және әлеуметтік қорғау істері жөніндегі министр Тилеухан Аубакир енді.

Жұмыс тобының басты мақсаты — халықаралық стандарттарға сай тұрғын үй қаржыландыру туралы заң жобасын әзірлеу, Тұрғын үй қаржыландыру корпорациясын құру, сондай-ақ жылжымайтын мүлікпен және кепілмен қамтамасыз етілген бағалы қағаздарды қолдау үшін салық саясаты арқылы тетіктер енгізу.

Бұдан бұрын Моңғолия 1 шілдеден бастап онлайн құмар ойындарға толығымен тыйым салғанын жазғанбыз.