Моңғолияда «Көшпенді» дүниежүзілік фестиваліне 400-ден аса спортшы қатысады

Фото: Монцамэ

АСТАНА. KAZINFORM — 22–24 тамыз күндері Моңғолия астанасының Налайх ауданындағы Тайж Хайрхан тауының етегінде «Көшпенді» атты дүниежүзілік мәдени фестиваль өтеді, деп хабарлайды Монцамэ.

Фестиваль аясында төрт дәстүрлі спорт түрі бойынша жарыстар ұйымдастырылады: ұлттық күрес, жамбы ату (жебемен ату), асық ойыны және ат жарысы.

Бұл жарыстарға 400-ден астам спортшы тіркелген. 

Ал ат жарысына 100-ден астам жылқы қатысады деп күтіліп отыр.

Бағдарламада спорттық жарыстардан бөлек, көрсетілімдер, шеберлік сабақтары мен тренингтер, сондай-ақ көрермендерге арналған ашық турнирлер (күрес, садақ ату және асық ойыны бойынша) жоспарланған.

Осыған дейін Қырғызстанда өтетін VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ресми сайты жақында іске қосылатыны айтылды.