Моңғолияда қой қырқу бойынша ұлттық «Алтын қайшы-2025» байқауы өтті

Фото: montsame.mn

АСТАНА. KAZINFORM — Тув аймағының Зуунмод сомонында Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хүрэлсүхтің қамқорлығымен алғашқы ұлттық «Алтын қайшы — 2025» қой қырқу байқауы өтті. 

Байқаудың мақсаты — мал шаруашылығынан алынатын шикізатты қайта өңдеуді арттыруға, қой жүнінің құндылығын көтеруге, оны қалдықсыз пайдалануға және жүннен жасалатын дайын өнімдерді қолдауға бағытталған «Ақ алтын» ұлттық қозғалысын жандандыру. «Алтын қайшы — 2025» ұлттық байқауы қой қырқудың тиімді әдістері мен технологияларын енгізуге, малшылардың жұмысын жеңілдетуге және бұл кәсіпке жастарды тартуға мүмкіндік береді.

Байқау үш аталым бойынша өтті: дәстүрлі қайшымен қырқу, электронды қайшымен қырқу және кәсіби қырқу. Қазылар алқасының құрамына Австралиядан келген маман, Жаңа Зеландиядан жеті маман, сондай-ақ малшылар, ғалымдар мен зерттеушілер кірді.

Фото: montsame.mn

«Алтын қайшы» қой қырқу бойынша халықаралық байқауы алғаш рет 1961 жылы Жаңа Зеландияда ұйымдастырылған болатын. Бүгінде әлемнің 15 елінде бұл байқау жергілікті ерекшеліктерге сай тұрақты түрде өткізіледі.

Фото: montsame.mn

Байқау аясында жүн мен кашемирден жасалған бұйымдардың көрмесі, сән көрсетілімі, жүн өңдеу әдістері, садақ ату және шопандар арасындағы ән байқауы да өтті.

Фото: montsame.mn
Фото: montsame.mn

18 аймақтан келген 19 бен 70 жас аралығындағы 100-ден астам шопан «Алтын қайшы — 2025» байқауына қатысты. Әр аталым бойынша жеңімпаздар Президент кубогымен марапатталды, ал электронды қайшымен қырқу санатындағы жеңімпаздар 2026 жылы өтетін қой қырқудан әлем чемпионатына қатысу құқығын жеңіп алды.

Фото: montsame.mn

Айта кетелік Моңғолияда қой қырқу бойынша әлемдік сайыс өтетіні туралы жазған едік