Моңғолияда «Миллиард ағаш» қозғалысы аясында 117 миллион түп көшет отырғызылды
АСТАНА. KAZINFORM – Моңғолия Президентінің бастамасымен қолға алынған «Бір миллиард ағаш» ұлттық қозғалысы аясында жүргізіліп жатқан күзгі жалпыұлттық ағаш отырғызу науқаны биыл қазан айының соңына дейін жалғасады, деп хабарлайды Kazinform Montsame ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«Мontsame»-нің хабарлауынша, өткен демалыс күндері Улаанбаатар қаласының үш аймағында 225 мемлекеттік және жекеменшік ұйымдар мен кәсіпорындардан жиналған 2500-ден астам адам 12 түрлі ағаш пен бұтаның шамамен 3500 көшетін отырғызған. Оқушылар да бұл шараға ерікті түрде қатысып жатыр.
Күзгі отырғызу күндері аясында ел бойынша 18 мыңнан астам ұйым, кәсіпорын және жеке адамдар 2 миллионнан астам ағаш отырғызған. Сондай-ақ аймақтарда, сұмдарда және елордада көшет жәрмеңкелері ұйымдастырылды. Бұған дейін, биылғы көктемде, 3400-ден астам ұйым мен кәсіпорын және 185 мыңнан астам азамат 8,4 миллион ағаш отырғызған.
Ресми деректерге сәйкес, елде шөлейттену үдерісіне қарсы күрес аясында қозғалыс басталғаннан бері 117 миллион ағаш пен бұта отырғызылып, өсірілген.
Болжам бойынша, 2030 жылға дейін ірі тау-кен кәсіпорындары 608 миллион ағаш, ал аймақтар мен елорда 680 миллионнан астам ағаш пен бұта отырғызылуы тиіс.
Ағаш отырғызу бойынша бұл жалпыұлттық кампания Моңғолия Президентінің 2010 жылғы Жарлығына сәйкес жыл сайын мамыр және қазан айларында өткізіледі.
Айта кетейік, Моңғолия қар барысын сақтау жөніндегі халықаралық қор құрамына қосылатынын мәлімдеген.