Жергілікті биліктің мәліметінше, өрт Моңғолия аумағында басталып, Қытайдың Ішкі Моңғолия автономиялық ауданымен шекаралас аймаққа қарай жылжып келеді.
Осыған байланысты Қытай тарапы шекара маңындағы аумақтарда өрттің таралуын тоқтату жұмыстарын күшейткен.
– 11 қазан күні сағат 21:00-дегі жағдай бойынша өрт Қытай аумағына өткен жоқ. Қазір жалынның таралуына жол бермеу жұмыстары жалғасып жатыр, – деп хабарлады жергілікті билік өкілдері.
Өртті оқшаулау шараларына 2 мыңнан астам адам тартылған.
Әзірге өрт шарпыған аумақтың көлемі мен оның шығу себебі туралы нақты ақпарат жарияланған жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін Грекияның Лерос және Эвбея аралдарында, сондай-ақ Кардица округінде орман өрттері тұтанып, тілсіз жауды сөндіруге жерүсті қызметтері мен авиация жұмылдырылған болатын.