Моңғолиядан келген оралманның жиһаз цехынан шыққан өнімдерге сұраныс жоғары - Ақмола облысы
Ержан Қабди осыдан 8 жыл бұрын Моңғолиядан атажұртына оралған болатын. Астана қаласының іргесіндегі Целиноград ауданының Қаратал ауылына қоныс тепкен ол, өзімен бірге еріп келген отбасын асырау үшін еш жұмыстан бас тартпай, күзетші де, қарапайым жұмыскер де болып еңбек етті. Отанына оралмай тұрып ағашпен жұмыс жасаудың тетігін меңгергеннен кейін өз ісін ашуға бел буады.
Алайда, қолында қаражатың болмаса, өз ісінді бастап кету оңай емес. Осыны түсінген Ержан ауылдық әкімдікке барып, мақсатты топтың тізіміне оралмандар да кіретін «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасына қатысуға ниет білдіреді. Ондағылар оның бетінен қақпай, керісінше көмек-қолдауын білдіріп, ақыл-кеңес береді. Осылайша, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ мамандарынан толық ақпаратты алып, құжаттарын дайындауға кіріседі. Кейін аудандық жұмыспен қамту орталығына тіркеліп, көп ұзамай 3 миллион теңге көлемінде шағын несие алып, өз арманын жүзеге асыруға кіріседі.
«Бұл қаражатқа шағын жиһаз цехіне қажетті құрал-жабдық пен дайын жиһазға қажеттінің бәрін сатып алдым»,- дей келе, кәсіпкер бір адамды, яғни, жиһаз шеберін тұрақты жұмыспен қамтып отырғанын да атап өтті. Ал, дайын өнімді өзінің әйелі сатуда.
Цех үйінің ауласында орналасқандықтан жиһаз дүкені де осы жерден табылады. Бұл күні кәсіпкер тапсырыспен ауыл өміріне арналған бағасы қолжетімді ас үй және жатын бөлме жиһаздарын жасауда. Тұтынушылардың арасында Астанадан арнайы ат терлетіп келетіндер де бар көрінеді.
«Біз жиһазды жасаумен де, жинаумен де айналысамыз әрі керек болса, жеткізіп те береміз. Бағасы қолжетімді. Сондықтан, табысымыз күн көріске де, несиемізді өтеуге де жетеді Жалпы, «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасының берері мол деп есептеймін», - дейді кәсіпкер.