Моңғолиядан шыққан саяхатшылар Лондонға түйемен жетеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Моңғолияда таңғажайып «Ұлан-Батыр - Лондон» саяхаты басталмақ, деп хабарлайды МОНЦАМЭ.

Түйе мінген саяхатшылар 12 мың шақырым жол жүреді. Моңғолия, Германия және АҚШ елдерінің 7 саяхатшысынан құралған керуен 5 қараша күні Туул өзенінің жағалауынан жолға шығады. Алдын ала есептеулерге қарағанда саяхаттың басынан аяғына дейін толық жүру үшін 3 жылдай уақыт кетеді. Ашылу рәсімінде керуеншілер топ өкілдерінің барлығы да әлемді шарлаған тәжірибелі саяхатшылар екенін айтты.

Керуенбасы Н. Байгалмааның айтуынша, саяхатшылар Ұлы Жібек жолының бағытымен жүріп, 15 елдің аумағынан өтеді. Саяхатты ұйымдастырудағы негізгі мақсат - моңғол мәдениетін әлемге таныту, соның ішінде Еуропа елдеріне насихаттау.