Моңғолияның аймақтық ТВ-4 телеарнасында бүгін тікелей эфирде ақындардың «жекпе-жек» айтысы өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Моңғолияның аймақтық ТВ-4 телеарнасында бүгін 5-ақпанда жергілікті сағат 20:00-21:00 арасында тікелей эфирде ақындардың «жекпе-жек» айтысы өтеді.

Бұл шараға Моңғолия журналистері біріккен одағының Баян-Өлгий аймағындағы бөлімшесі қолдау көрсетіп отыр, деп хабарлайды azaq-alemi.kz.

Моңғолия журналистері біріккен одағының Баян-Өлгий аймағындағы бөлімшесінің басшысы Өмірбек Биқұмардың сөзіне қарағанда, «Жекпе-жектің» алғашқы жұбында Улаанхус сұмынынан халықаралық ақындар айтысының жүлдегері Сүйеніш Жеңсікбайұлы мен Алтай сұмынының тумасы Ерлан Дәулетұлы бақ сынайды.

«Айтыс өнерінің өресін көтеру, аймақ ақындарының өнерін шыңдау, халықаралық айтыстарға қатыстыру мақсатында жүрілгелі отырған бұл сайыста жеңу, жеңілу басты мақсат болмайды. Жекпе-жек айтыстың қорытындысы бойынша ақындардың дәрежесін анықтап, 10 ақынды қыркүйек айында өтетін «Моңғолия Қазақтарының тірлігі мен бірлігі» атты халықаралық ақындар сайысына қосамыз. Халықаралық айтысқа Қазақстан, Ресей, Қытай елдерінен белді ақындарды шақыруды жоспарлап отырмыз», - дейді Б.Өмірбек.