Моңғолияның Сыртқы істер министрі Қазақстанға келмейтін болды
«Моңғол тарапы бізге Моңғолия Сыртқы істер министрі Дамдин Цогтбаатардың бұған дейін жоспарланған сапарының кейінге ауыстырылатыны жөнінде хабарлады», - деді Айбек Смадияров телефон арқылы.
Еске сала кетейік, Қазақстан - Моңғолия қарым-қатынасының тарихында тұңғыш рет Моңғолияның Сыртқы істер министрі Дандингин Цогтбаатар 24-25 қаңтар күндері Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келеді деп күтілген болатын. Сапар барысында министр еліміздің жоғары басшылығымен кездесіп, екіжақты және көпжақты ынтымақтастық мәселелері талқылануы тиіс еді.
Бүгінде Моңғолиядағы жағдай күрделі екенін атап өту керек. 10 қаңтарда Ұлан Батыр қаласының орталық алаңында наразылық шарасы өтті. БАҚ таратқан мәліметтерге сенсек, оған 50 мыңнан астам адам қатысқан. Шараға қатысушылар ел парламентінің спикері Миеэгомбын Энхболдтың қызметінен кетуін, сондай-ақ «сыбайласқан МАНАН (елдегі екі ірі партияның атауы) тобын жоюды» талап етіп отыр.
Автор: Дамир Байманов