Мөңке би Тілеуұлы

Фото: None
Мөңке би, Ноғайлы Мөңке би, Шекті Мөңке би (шамамен 1675 - өлген жылы белгісіз) – белгілі би, Әбілқайыр хан кеңесшілерінің бірі, жырау.
Қазіргі Ақтөбе облысы Шалқар ауданы маңайында дүниеге келген. Ата тегі шежіре бойынша өз әкесі Тілеу әрі қарай Айт, Бөлек, Қалу, Сирақ, Мұса хан, Уақас би, Нұраддин болып жалғаса береді. Әбілқайыр хан дүние салған соң Нұралы ханның билігін тану туралы Елизавета Петровнаға жазылған хатқа Орта жүздің беделді адамдары Жәнібек тархан мен керей Наурыз би бастаған топпен, сондай-ақ Кіші жүздің 30 би, батырларымен бірге қол қойған. Мөңке би өз заманында «ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен сұңғыла би», келер күнді айнытпай болжайтын сәуегей және дала даналығының көрінісі іспетті ой-тұжырымын тағылымды поэтикалық жырға айналдырған жырау ретінде танылды. Оның философиялық толғаулары, риторикалық сұрақ-жауап, болжау, билік, кесім, шешім түріндегі мұралары өзіндік ерекшелігімен көзге түседі. Мөңке би философиясы қазақтар қандай мықты өркениеттің әсері болса да көшпелі болып қалуы керек дейтін кредоны ұстанудан туған философия. Көшпелі тірліктің тіні бұзылмаған қоғамда заман аңысын аңдап, оның келешек кескін-кейпін дәл болжай білу Мөңке би шығармашылығының басты белгісі. Мөңке бидің Сырым батырға қойған астыртын сұрақтары мен оған Сырымның қайтарған жауаптары, сонымен қатар оның шеркеш Түрке би, тана Нүрке билермен кеңесе отырып айтты дейтін «Бұл, бұл үйрек, бұл үйрек» дейтін толғаулары белгілі. Сонымен қатар Мөңке бидің біздің заманымызға «Өттің, жалған-ай», «Шалқыма», «Қиқу дәурен», «Жиын, алқа, кеңес» атты төрт күйі жеткен. Дегенмен оның күйлері бұдан да көп болуы мүмкін. Мөңке күйлерінің басқа біреулерге телініп кетуі де ғажап емес. Мөңке хақында Нұржан Наушабаев, Балқы Базар, Нұрпейіс Байғанин және тағы басқалар сөз қозғап, өлең арнады. Оның көркем бейнесі Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» романы мен «Ел қорғаны» пьесасында, Ә.Кекілбаевтың «Үркер» романында көрініс тапты. Мөңке бидің өмірі мен шығармашылық мұрасы туралы әр жылдары А.Жұбанов, Т.Кәкішев, С.Негимов, Б.Адамбаев, Қ.Сыдиықұлы, М.Тілеужанов, С.Байменше, Б.Омарұлы, Ж.Асанов, К.Төлеубайұлы, М.Құл-Мұхаммед тағы басқа да ғалымдар ғылыми-зерттеу еңбектерін жазды. Мөңке би тарихымызда есімі құрметпен аталатын, үлкен философ, терең ойшыл, ұлы ақын. Қара қылды қақ жарған, мың жылдығын болжаған дала кемеңгері Мөңке бидің ұрпақтары Ақтөбе облысының көптеген аудандарында тұрады. Ақтөбе облысының Шалқар ауданындағы Қайыр ауылына Мөңке бидің есімі берілген. Республикаға танымал мүсінші Құрақбай Егізбаевтың граниттен ойып жасаған Мөңке би мүсіні Ақтөбе қаласында орнатылған.Дереккөздері: Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 6 том Қазақстан тарихы энциклопедиялық анықтамалығы