10:50, 10 Қыркүйек 2013
Моноқалаларда апаттық тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмысы жалғасады - вице-министр
АСТАНА. 10 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгінде моноқалаларда инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның тозу деңгейі жоғары болып тұр. Оның орташа көрсеткіші 70 пайыздан асады. Бұл туралы Үкіметтің бүгінгі отырысында ҚР Өңірлік даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев мәлім етті.
Оның хабарлауынша, моноқалаларды дамыту бағдарламасына енген қалаларда апаттық жағдайда тұрған тұрғын үйлер баршылық. Оның басым бөлігі Арқалықта - 84,7 пайыз, Абай қаласында - 36,7 пайыз, Жаңаөзенде - 10,9 пайыз, Қаратауда - 8,4 пайыз және Жаңатаста - апаттық үйлердің 7,1 пайызы орналасқан. «Үкімет ол үшін ағымдағы жылы мақсатты түрде 750 млн. теңге көздеді. Нақты нәтиже де жоқ емес. Жаңатас қаласында - 62, Қаратауда - 18, Абай қаласында - 16 және Арқалықта - 17 апаттық тұрғын үйді бұзу бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатыр», - деп атап көрсетті Қ. Өскенбаев.